
Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «CNOOC International Limited» компаниясының басшысы Лю Йонжимен кездесу өткізді.
Кездесуде тараптардың бірлескен жобалары, сондай-ақ геологиялық барлау және мұнай мен газ өндіру саласындағы өзара іс-қимылды нығайту перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінің транзит аймағында орналасқан Жылыой учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың орындалу барысы қаралды.
Осы жобаны іске асыру үшін бірлескен кәсіпорын – «Жылыой Оперейтинг» ЖШС құрылды. Бүгінгі таңда 400 бойлық шақырымның 2D тарихи сейсмикалық деректерін қайта өңдеу мен қайта түсіндіру, жобалау құжаттарын келісу және 400 шаршы шақырым бойынша 3D сейсмикалық барлауды бастауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар тереңдігі 2000 м болатын тұзүсті барлау ұңғымасын бұрғылау көзделген. 3D сейсмикалық барлау бойынша алынатын деректердің нәтижелеріне байланысты тұзасты барлау ұңғымасын (4500 м) бұрғылау жоспарланған.
Бұған дейін хабарланғандай, CNOOC – бұл Қазақстанның геологиялық барлау саласына инвестиция салған Қытайдың алғашқы ірі компаниясы. Көмірсутектерді іздеу кезеңінде құйылатын қаражат шамамен $31,5 млн құрайды. Серіктестік жоба 50/50 тепе-теңдік негізде іске асыруды көздейді, бұл ретте барлау кезеңін CNOOC қаржыландырады.
Бұдан бөлек, ҚХР серіктестері қазіргі уақытта ҚМГ-ның басқа да перспективті геологиялық барлау учаскелерін зерттеп жатыр.
Кездесу соңында тараптар барлық негізгі бағыт бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.
В Атырау +13.6