
Үкімет ветеринарияны дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Бұл құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы ақпандағы кеңейтілген отырыста берген тапсырмаларын орындау аясында қабылданды.
Жоспардың мақсаты – мал шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін сапалы ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру. Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Кешенді жоспар халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға, малды қауіпті індеттерден сақтауға және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, жүйелі шаралардың нәтижесінде Қазақстанда аусыл, африкалық жылқы обасы, шошқа обасы сияқты аса қауіпті аурулар бойынша тұрақты эпизоотиялық жағдай қалыптасқан. Бұл отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді.
Жоспарда жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы күресті күшейту, ветеринар мамандарының жалақысын көтеру, ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, экспортты кеңейту және ішкі нарықты қорғау, зертханалық бақылауды күшейту, өнімнің өмірлік циклі бойынша толық қадағалау, цифрландыруды дамыту және ветеринариялық фармацевтика саласын жетілдіру басымдық ретінде белгіленген. Қазіргі таңда елімізде ветеринариялық препараттар шығаратын 21 зауыт жұмыс істейді, ал шекара маңында 67 бақылау бекеті орналасқан.
2025 жылы мемлекеттік инспекторлар 700 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімін тасымалдаған 60 мыңға жуық көлікті тексерген. Цифрландыру аясында ISZH-MOBILE, TortTulik жүйелері енгізіліп, жануарларды сәйкестендіру және өнімді бақылау процестері автоматтандырылды. «Фермадан үстелге дейін» қағидаты бойынша қадағалау үшін «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» модулі іске қосылып, оған зертханалар, сою орындары және ішкі сауда нысандары қосылған, алдағы уақытта қоғамдық тамақтану орындары да қамтылмақ.
2030 жылға қарай министрлік пен ведомстволық ұйымдардың материалдық-техникалық жарақтандырылуын 80%-ға дейін жаңарту жоспарланып отыр. Жергілікті ветеринариялық ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысы 1,5–2,5 есеге дейін өседі. Кешенді жоспарды жүзеге асыру ветеринариялық қауіпсіздікті арттыруға, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауға, зертханалық базаны күшейтуге және отандық өнімнің экспорттық мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.
В Атырау +13.8