
Айыптау нұсқасы бойынша, сотталушы өзінің бұрынғы әйелінің төрт туысын өлтіргеннен кейін, олардың зейнетақысы мен әлеуметтік төлемдері түсіп тұрған банк карталары мен шоттарын пайдаланып келген.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында прокурор Мирас Бауыржанов қаза тапқандардың зейнетақысы және әлеуметтік төлемдеріне қатысты айыптаудың мән-жайын мәлімдеді.
Айыптау актісіне сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиев Нәсіп Өтешқалиеваға, Мақсот Қарабалинге және Мейрамгүл Қарабалинаға тиесілі «Qazpost» АҚ мен «Halyk Bank» АҚ-да ашылған зейнетақы және әлеуметтік шоттардағы ақшалай қаражатты заңсыз иемденген.
Тергеу мәліметі бойынша, айыпталушы Нәсіп Өтешқалиеваның банк картасы мен шоттарын пайдалана отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне 169 536 теңге 62 тиын сомасында шығын келтірген.
Айыптау тарапының мәлімдеуінше, Мақсот Қарабалиннің шоттары арқылы 217 619 теңге сомасында шығын келтірілген.
Тергеу нұсқасы бойынша, Мейрамгүл Қарабалинаның шоттары мен банк карталары арқылы тағы 215 487 теңге алынған.
— Осылайша, Сәрсемалиев Сұлтан Самиғоллаұлы ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты — алаяқтық жасады, яғни бірнеше рет бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденіп алды, — деп мәлімдеді прокурор.
Сотта зардап шеккен тараптың қатарында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің өкілі де қатысты.

Департамент басшысының орынбасары Әйгерім Бекқалиева ведомство сотталушыдан 766 311 теңге өндіруді талап етіп отырғанын хабарлады.
Оның айтуынша, Наурыз бен Мейрамгүл Мұқанғалиевтар 2005 жылдан бері мүгедектігі бойынша әлеуметтік төлем алып келген.
Ол өткен жылдың маусым айынан желтоқсан айына дейін Наурыз Мұқанғалиев қайтыс болғаннан кейін оның жәрдемақысынан 520 996 теңге алынғанын хабарлады.
Бұдан бөлек, ведомство мәліметінше, Нәсіп Өтешқалиева қайтыс болғаннан кейін желтоқсан айында шамамен 84 мың теңге, Мақсот Қарабалин қайтыс болғаннан кейін — шамамен 96 мың теңге, Мейрамгүл Мұқанғалиева қайтыс болғаннан кейін — шамамен 74 мың теңге көлемінде төлемдер алынған.
Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушы Наурыз Мұқанғалиевке маусым мен желтоқсан аралығындағы кезең үшін есептелген III топтағы мүгедектігі бойынша жәрдемақыны, Мейрамгүл Қарабалинаның желтоқсан айындағы жәрдемақысын, сондай-ақ Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның желтоқсан айындағы зейнетақы төлемдерін алып, өз қажетіне жаратқан.
Айнұр САПАРОВА
Сурет пен видеоны түсірген автор
В Атырау +24.4