Қараша айында Атыраудың сауда сөрелерінде жергілікті жылыжай қиярлары пайда болады, - деп уәде берді құзырында 1 гектар жылыжай алаңы бар «Атырау АгроСервис» ЖШС қызметкерлері. Ол үш жыл бұрын азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бағдарламасының аясында бюджет қаржысына салынған болатын.
Алғашқы екі жылда жылыжай «Осирис Интра» ЖШС-нің сенімді басқармасында болған. Осы жерде көкөністер өсіріліп, олар қала базарларына жеткізіледі. 2012 жылдың 20 желтоқсанында облыс әкімінің шешімімен жылыжай мен көкөніс қоймасы «Атырау» ӘКК-нің сенімді басқаруына берілді. Ол өз кезегінде кешенді еншілес кәсіпорынға - «АтырауАгроСервис» ЖШС-не берген.
- Алғашқы көшеттерді көктемде отырғыздық. Сәуірдің аяғынан бастап маусымның соңына дейін қалаға қияр жеткіздік. Бүкіл сол кезең ішінде жылыжай «атыздарынан» 60 тонна қияр жинап алдық. Айтпақшы, біз оларды нарық бағасынан 25 пайызға төмен бағамен саттық, - дейді «Атырау Агросервис» ЖШС директоры Асқар БИСЕНОВ (суретте).
Алғашқы күзгі егісті жылыжай қызметкерлері 11 қыркүйекте еккен, қыркүйектің аяғына қарай көшеттер арнайы науаларға отырғызылыпты. Біз барған кезде олар алғашқы бүр жарған сары гүлдерді мақтанышпен көрсетті.
- Қарашаның жиырмаларында қиярлардың алғашқы өнімін жинап алуды жоспарлап отырмыз. Ендігі кезекте көшеттердің екінші жартысын отырғызамыз, - дейді «Атырау Агросервис» ЖШС-нің бас технологы Гүлмира МҰРАТОВА.
Биыл жылыжайда қиярдың екі сұрыбы – яни мен геракл өсірілмек. Біріншісі – тегіс жемісті, екіншісі - ақ тікенекті бұдырлы қияр. Екі сұрыптың да жемістерінің салмағы орташа алғанда 220 граммды құрайды. Жылыжайда қолайлы климат жасалған: шуақты күні 22-25 градус, бұлыңғыр күндері 19-20 градус жылы болады. Құнарландыру мен суару жүйесі толықтай автоматтандырылған.
- Егер бәрі жақсы болса, бір жыл ішінде екі айналыммен 200 тонна қияр алуды жоспарлап отырмыз. Ал бағаларды нарық белгілейтін болады, - дейді А. Бисенов.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор