Атырау, 28 мамыр 17:09
 дождьВ Атырау +23.8
$ 477.48
€ 555.83
₽ 6.65

​Ұзақбай Қарабалиннің «ҚазМұнайГаздан» мерзімінен бұрын кету себебі белгілі болды

157 рет қаралды

Қазақстан мұнай саласының аңыз тұлғасы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Ұзақбай Сүлейменұлы Қарабалин «ҚазМұнайГаз» директорлар кеңесінен кетеді, деп хабарлады «Нефть и газ Казахстана».

Материалдарда көрсетілгендей, «Самұрық-Қазына» қорының мүддесін білдіретін директорлар кеңесінің мүшесі Қарабалин Ұ.С. өз бастамасымен 2026 жылғы 29 мамырдан бастап өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жазбаша хабарлама берген. Осыған байланысты оның өкілеттігін тоқтатып, жаңа мүшені сайлау қажеттілігі туындады. Бұл мәселе 29 мамырға жоспарланған акционерлердің жылдық жалпы жиналысында қаралады.

Ұзақбай Сүлейменұлы алғаш рет 2016 жылдың қаңтарында ҚМГ директорлар кеңесіне кірген болатын. Ол энергетика бірінші вице-министрі қызметінен зейнетке шыққаннан кейін ұлттық компанияның дамуына 10 жылдан астам уақыт бойы белсенді атсалысты. 

Қарабалинді жұмыс кабинетінде сирек кездестіруге болатын: жиі сапарлар, форумдар, кеңестер – ол тәжірибесімен бөлісіп, жаңа білімге құштар болды. Енді ҚМГ директорлар кеңесінен кеткен соң, ол KAZENERGY қауымдастығындағы жұмысына ден қоймақ.

Ал босайтын орынға ҚМГ акционер ретіндегі құқығын пайдаланып, «Самұрық-Қазына» қорының стратегия және активтерді басқару жөніндегі қосалқы басқарушы директоры, қор басқармасының мүшесі Бақытжан Рыспекұлы Таубаевтың кандидатурасын ұсынды. 

Ол ҚБТУ-дың «Мұнай-газ ұңғымаларын бұрғылау инженері» мамандығы бойынша түлегі, сондай-ақ Италияның Турин политехникалық университетінде мұнай-газ ісі магистратурасын тәмамдаған. Геологиялық барлау, бұрғылау, кен орындарын игеру, өндірістік және стратегиялық процестерді басқару саласында мол тәжірибесі бар. Егер сайланса, ол 2026 жылғы 30 мамырдан бастап қордың мүддесін білдіретін директорлар кеңесінің мүшесі болады.

Бүгін, 15:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.