
Колонияға қажетті көлемде азық-түлік жеткізу тоқтатылды, ал мекеме аумағындағы дүкен жабылды.
«АЖ» редакциясына Атырау қаласы Алмагүл ықшамауданындағы №79 әйелдер колониясында жазасын өтеушілердің туыстары хабарласты. Олардың айтуынша, шамамен бір айдан бері сотталғандарды нашар тамақтандырып жүр. Бұған қоса, колониядағы дүкен жабылып, жазасын өтеушілер азық-түлік, темекі және қарапайым гигиеналық заттарды сатып алу мүмкіндігінен айырылған. Өзгерістердің себебі түсіндірілмеген, бұл жағдайдың қашан түзелетіні де белгісіз.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне (ҚАЖД) түсініктеме алу үшін ресми сауал жолдадық. Біздің жазбаша сауалымыздан кейінгі күні-ақ сотталғандардың туыстары азық-түліктің қайтадан жеткізіле бастағанын хабарлады.
Кейін ҚАЖД ресми ақпарат таратып, келісімшарт бойынша тамақпен қамтамасыз етуді «Еңбек» РМК жүзеге асыратынын мәлімдеді. «Дайын тағам қолданыстағы нормалар мен калорияға сәйкес әзірленеді. Тамақ дайындауда бұзушылықтар анықталған жоқ», – деп ведомство азық-түлік жеткізіліміндегі үзілістерді жоққа шығарды.
Дүкеннің жабылуын мекемеге тауар жеткізіп тұрған кәсіпкермен жасалған келісімшарт мерзімінің аяқталуымен түсіндірді. Соған байланысты қазір жаңа тендер жарияланған. Алайда неге конкурстың дер кезінде өткізілмегені және сауда нүктесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ете алмағаны туралы ешқандай түсініктеме берілмеді.
Бұл мәселе шешілгенше, колония басшылығы электронды терминал орнатуды жоспарлап отыр. Онлайн-дүкен арқылы сотталғандар рұқсат етілген азық-түлік пен тауарларға тапсырыс бере алатын болады.
Лев ГУЗИКОВ
«АЖ» мұрағатынан алынған сурет
В Атырау +23.8