Атырау, 26 қараша 10:46
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Ғасырдан да ұзақ ғұмыр

3 857 просмотра

- Қарақтарым, асып-таспаңдар, қазір бәрі бар, не жеймін, не ішемін жоқ, Алла тағала сендердің өмірлеріңе нұр сыйлады. Қасыңдағы жанға көмектес, қолыңда бар болса, бере сал, бата аласың, алғыс аласың! Бастарың аман болсын, алдарыңнан ақ күн тусын! – дейді жасы жүздің үшеуіне жақындаған Нышан Жұбаева (суретте) әжей. Лайым солай болғай!

Қала маңындағы Томарлы (Теңдік) деген жерде тұратын Нышан әжейдің үйінде бізді келіні Динара қарсы алды. Қонақ бөлмесінде күтіп отырған әжей бізді көре сала, амандасып, құшақ жая жанына отырғызды. Өзімнің қандай мақсатпен келгенімді түсіндіріп болған соң, ол кісіден өзі, өмірі жайлы айтып беруін өтіндім.

- Әй, балам-ай, оның несін сұрайсың! Көрген күніміз құрысын! Гермәния талайдың обалына қалды ғой... – деп күрсіне еске алды кейуана. - Соғыс кезінде елде қалған әйелдер күні-түні еңбек ететінбіз. Ерінуге уақыт жоқ. Майданға керек бұйымдар – жылы шұлықтар мен қолғаптар сұратып жатады. Біріміз жүнді ұршықпен иіріп берсек, екіншіміз тоқып жатамыз...

Иә, ол кісілердің көргеніне біз, мүмкін, шыдай алмаспыз, ал олар шыдай білген.

Үйдегі немере келініне «қонақтарға шай қой!» деп, өзі әңгімесін ары қарай жалғастырды. – Азаматым, жарым соғысқа кеткен. Ол кездері жейтін тамақ та жоқ, бір үзім нанға зар едік. Ауылдағы әйелдер қара тарыны түйіп, оны диірменмен тартып, ұн қылатынбыз. Одан нан пісіретін едік, бірақ диірмен қолға ауыр болатын, сондықтан кейде өнбей жатады...

Әжей әңгімесін бөліп жіберіп, терең дем алды. Көп сөйлесе, шаршаңқырап қалатыны көрініп тұр. – Соғыс уақыты ғой,  түнде шам жағуға болмайтын, жаққызбайтын. Жасымыздан еңбекке араластық, жер қазатынбыз, одан соң дәрігердің қасында тазалықшы болып жұмыс жасадым, кейін колхозға шықтым жұмысшы болып. Әйтеуір, тыным таппайтынбыз.

Алайда, тіршілік күйбеңі мен колхоздағы ауыр еңбек соғысқа аттанған бауырлар мен азаматын, әкесін ұмытуға бөгет бола алмады. Үшбу хат алған әйелдер бүкіл ауыртпалық пен қиыншылықтарын уақытша болса естен шығаратын. Майданнан келген жауынгер хаттары «Тілегімізді тілеңдер» деп аяқталатын.

Біздер солардың тілеуін Алладан тілеп отыратынбыз, қолымыздан басқа ештеңе келмеді, - дейді әжей тебірене. Ал соғыстан елге бір аяқпен жары оралғанда әжей жаратқанға шүкіршілік айтумен болады.

- Шалымның бақилық болғанына 41 жыл болды, 1971 жылы қайтты. Өзім дүниеге 10 бала әкелгем, қазір соның екеуі тірі. Тағдыр ғой, көнемін де... Бір ұлым мен бір қызым балаларының қызығына бөленіп отыр, маған немере-жиен сүйгізді.

Бауыр еті – баласының қазасын көтерген бұл ананың, шынымен, жүрегі қайратты екен.

Мен 1911 жылы орыс бетінде туғам (қаланың қазіргі оң жақ жағалауы - Н.Х.), 7 жасымда шешемнен жетім қалып, содан  кейін қаланың қазақ бетіне келдік. Бұл жерлерге келгенде мына жер түгел ну қамыс болатын. Оқығым келді, бірақ ешкім оқытпады, мұсылманша да оқытпады, содан әріп танымай қалдық қой. Өзіміз 5 ағайынды едік, бірақ тұқымымда ұзақ жасаған ешкім жоқ менен басқа. Бауырларым 70-тің ар жақ, бер жағында қайтыс болған, - дейді әжей әңгімесін жалғастырып отырып.

Ұзақ өмір сүрудің бір сыры бар ма деген сұрағыма ол кісі: «Қой, қайдағы сыр, құдайдың берген жасы ғой, тәубе!» деп жауап беріп, орамалын артқа қарай қайыра салды. Әжей әлі де тың, бойында қайраты бар. Мен барған күні түсте қонаққа барайын деп әзірленіп жүр екен. - Өзі жуынады, кейде кірін де жуып, қайта-қайта шайып алады. Қазіргі кір жуатын машиналарға көңілі толмайды. Бірге отырып кейде теледидардан сериал да қараймыз, - деп жымияды келіні. - Әлі де туған-туыс, ағайынның шақырғанынан қалмауға тырысады әрі жүрген жерінде әзілдеп те қояды.

Қазақ келген қонағын үйден дәм татпай шығармайтыны белгілі. Мені де үстел басына шақырған. Әжейді қолтығынан демегім келгені, ол:

- Өзім барам, айналайын, - деп таяғына сүйеніп, шайға келді. Малдың сүті қосылған қою шайына қара тарысын салып жіберіп, сарсекерімен шайын мейірлене ішті. Кетерімде тарихқа куә болған асыл алақанымен маңдайымнан сипап, бақыт, амандық тіледі. Әумин, әжей, айтқаныңыз келсін! Жасыңыз ұзақ болсын!

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

24 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.