Атырау, 28 мамыр 11:37
 дождьВ Атырау +17.7
$ 477.48
€ 555.83
₽ 6.65

Жүргізуші куәлігін ауыстырмақ болған тұрғын өзінің «жындыханада» есепте тұрғанын білген

66 рет қаралды

Абай облысының бір тұрғыны жүргізуші куәлігінің мерзімі біткен соң, оны жаңартқысы келеді. Ол үйде отырып, egov.kz порталы арқылы құжатты ауыстыруға өтініш береді. Бірақ дәл осы сәтте оның алдынан күтпеген кедергі шығады. Портал оған куәлікті ауыстыруға болмайтынын, өйткені оның психиатриялық есепте тұрғанын көрсетеді.

Өмірінде психиатр дәрігерге барып көрмеген азамат бұл жаңалықты естігенде қатты таңғалып, жергілікті аурухана мен денсаулық сақтау басқармасына барады. Бірақ ондағылар бұл қатені жоюға асықпады. Содан соң ол өзін есепке заңсыз қойғанын дәлелдеу үшін сотқа жүгінеді. Ол өзі туралы қате мәліметті психикалық науқастардың ұлттық тізілімінен мүлдем өшіруді талап етеді.

Аурухана қателігін мойындады, бірақ жүйеден өшіре алмады

Істі сот қараған кезде қызық жайттар белгілі болды. Тұрғынды есепке қойған медициналық мекеме өз қателігін бірден мойындады. Аурухана комиссиясы бұл мәліметтердің базаға қате еніп кеткенін растады. Нақтырақ айтсақ, бұл азамат ешқандай тексеруден өтпеген, оған ешкім диагноз қоймаған. Дәрігерлер диспансерлік бақылау ережесін бұзып, жүйеге басқа адамның орнына осы кісінің деректерін жазып жіберген сияқты.

Ең сорақысы, аурухана өкілдері бұл азаматтың қағаз жүзіндегі амбулаториялық картасы ескіріп кеткендіктен, оны жойып жібергендерін айтты. Бірақ оны растайтын ешқандай құжат (акт) көрсете алмады.

Аурухана өз қателігін түсініп, Денсаулық сақтау басқармасына хат жазады. Олар азаматтың есімін базадан өшіруді сұрайды. Бірақ басқарма бұл өтінішті қараусыз қалдырған. Басқарма өкілдері сотта: «Бұл адам тізімнен шыққысы келсе, қайтадан арнайы дәрігерлік комиссияның тексеруінен өтуі керек», — деп қиналды.

Сот әділ шешім шығарды

Абай облысының мамандандырылған әкімшілік соты істі мұқият зерттеді. Сот дәрігерлер мен басқармадан бұл азаматтың шынымен ауру екенін дәлелдейтін құжаттарды талап етті. Алайда жауапкерлер сотқа мынадай маңызды дәлелдерді ұсына алмады:

  • Азаматтың өздігінен келіп көмек сұраған арызы жоқ.
  • Оның денсаулығын тексерген медициналық қорытынды жоқ.
  • Оның дәрігер бақылауында болғанын растайтын жазбалар жоқ.
  • Оның өзі немесе туыстары емделуге ешқандай келісім бермеген.

Сот азаматтың ешқандай кінәсі жоқ екенін және оны есепке мүлдем заңсыз қойғанын анықтады.

Нәтижесінде сот тұрғынның шағымын толық қанағаттандырды. Енді аурухана мен Денсаулық сақтау басқармасы бұл азаматтың атын психикалық науқастардың ұлттық тізілімінен тез арада өшіруге міндетті. Енді отандасымыз еш кедергісіз жүргізуші куәлігін ала алады.

Бүгін, 10:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.