
Атырауда ТЖМ құтқарушылары қою түтін басқан ғимараттан екі баланы қауіпсіз жерге алып шықты.
Оқиға қаладағы Лесхоз ықшамауданында болған. Кезекші бөлімнің пультіне көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінен қатты түтін шығып жатқаны туралы хабарлама түседі.
Шақырту орнына дер кезінде жеткен өрт сөндіру жасақтары өрт ошағы екі қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан пәтерде екенін анықтады. Санаулы уақыт ішінде үйдің ішін қою түтін басып кеткен. Үйдегі балалар сыртқа шыға алмай қалды.
«Төтенше жағдайлар министрлігінің сарбаздары өрт орнында барлау жұмыстарын жүргізу барысында екінші қабаттағы пәтерден екі баланы баспалдақ арқылы жедел түрде құтқарып, сыртқа шығарды», — деп хабарлады ведомстводан.
Өрт сөндірушілердің үйлесімді әрі жүйелі әрекетінің арқасында өрт дер кезінде толықтай ауыздықталып, сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазір тілсіз жаудың шығу себептері анықталып жатыр.
<
/p>
В Атырау +17.7