Ресей Федерациясының тергеу комитеті 21 қазанда қоғамдық көлікте болған лаңкестік оқиғаны тергеуде жергілікті халықты көмек көрсетуге шақырып отыр. Жарылыс салдарынан жанкешті әйелді санамағанда, 6 бейбіт тұрғын көз жұмған, деп жазады РБК.
Ведомство өзін-өзі жарған шахид әйел Наида Асиялова мен оның азаматтық некедегі күйеуі Дмитрий Соколов жайында қандайда бір мәлімет білетін азаматтарды тергеу жұмысына атсалысуға шақыруда. Атап айтқанда, тергеушілерді Д.Соколовтың тұрып жатқан жері мен жұмыс орны туралы мәліметтер қызықтырады.
Қажет болса, Тергеу комитеті куәгер болған кез келген адамды мемлекеттің қорғауына алуға кепіл беруге дайын.
Әзірге, тергеуші топ лаңкес әйелдің өмірінің соңғы сәтіне дейінгі сол күнгі әрекетін минут-минутына дейін анықтай алған. Оған сәйкес, хиджаб киген Н.Асиялова Волгоградқа жетіп, көшені жаяу кезіп жүрген. Кейін «Акварель» сауда орталығының қасынан №29 бағыттағы автобусқа отырып, «Лесобаза» аялдамасында өзін-өзі жарып жібереді.
Тергеушілердің пайымынша, қылмысты ұйымдастыруға шахид әйелдің азаматтық некедегі күйеуі Д.Соколов көмектесуі мүмкін. Ол 2012 жылы жазда із-түзсіз жоғалып, кей мәліметтер бойынша, Кавказда бомба жасаушы ретінде содырлардың қатарына қосылып кеткен.
Дереккөз: bnews.kz