
Пластикалық ота жасату үшін «Қасиет» медициналық орталығына жүгінген Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың өліміне қатысты істе жаңа деректер пайда болды. Жәбірленуші тараптың адвокаты Алдирза Қуанышкереев тек клиника тарапынан ғана емес, сонымен бірге тергеу амалдарынан да заңбұзушылықтар кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Lada.kz.
Адвокаттың айтуынша, сәуір айында Ербол Айтуов мойын мен иек тұсын тарту (подтяжка) отасы үшін клиникаға жүгінген. Алайда наркоз берілгеннен кейін пациент комаға түсіп, бір айдан соң Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында көз жұмған.
Қорғаушы тарап ота алдындағы медициналық тексерудің толық жүргізілмегенін, пациентте мұндай шараға қарсы көрсетілімдер болғанын және анестезияға ресми келісім алынбағанын алға тартып отыр.
Сонымен қатар адвокаттың мәліметінше, медициналық орталықтың дәл осы ғимаратында «Анестезиология және реаниматология» бейіні бойынша қызмет көрсетуге арналған лицензияға қосымша құжаты болмаған. Оның пайымдауынша, бұл ретте тиісті ота жасау және реанимациялық блоктар, қажетті жабдықтар мен рұқсат құжаттары болуы шарт еді.
Қорғаушы тараптың тергеу органдарының әрекетіне де алып-қосар сұрақтары бар. Адвокаттың айтуынша, марқұмның мәйіті туыстарына сот-медициналық сараптамасыз берілген, ал заң бойынша мұндай жағдайда сараптама міндетті түрде жүргізілуі тиіс болатын.
Ендігі кезекте, Қуанышкереевтің мәлімдеуінше, өлімнің нақты себебін анықтау үшін мәйітті эксгумациялау (анықтау жұмыстары үшін қабірден қайта қазып алу) қажет болуы мүмкін.
Ербол Айтуовтың отбасы кінәлі тұлғаларды ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы («Медицина немесе фармацевтика жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы») бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етуде.
«Қасиет» клиникасы тағылған айыптарды мүлдем жоққа шығарып отыр. Бас дәрігер Артур Тәжиев медициналық орталықтың 2015 жылдан бері жұмыс істейтінін және оның хирургиялық оталар, анестезиология, реанимация мен стационарлық көмекті қамтитын барлық қажетті лицензиялары бар екенін мәлімдеді.
Клиниканың нұсқасы бойынша, ота іс жүзінде басталмаған. Тәжиевтің айтуынша, наркоз енгізілгеннен кейін пациенттің қан қысымы кенеттен 210–220-ға дейін күрт көтеріліп кеткен, содан кейін дәрігерлер процесті дереу тоқтатқан. Бірнеше сағат бойы дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандыруға тырысып, кейін жедел жәрдем шақырған. Кейінірек облыстық ауруханада пациентке «инсульт» диагнозы қойылған.
Бас дәрігер, сонымен қатар, Е. Айтуовтың өзінің жақын досы болғанын және бұған дейін де осы клиникада пластикалық ота жасатқанын айтты. Бұл ретте ол ота «таныстықпен» немесе тиісті рәсімдерсіз жасалды деген қауесетті теріске шығарды.
Клиника басшылығы оқиғадан кейін барлық материалдарды құқық қорғау органдарына өткізгенін және тергеумен белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын алға тартты.
Пациенттің жағдайының кенеттен нашарлауына не себеп болғанын — анафилактикалық реакция ма, дәрігерлік қателік пе, ілеспе аурулардың асқынуы ма әлде басқа да факторлар ма — оны тергеу амалдары анықтайтын болады.
Іс прокуратураның жіті бақылауында.
В Атырау +29.5