Атырау, 26 қараша 08:53
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Махамбет ауданында атқарылар істер туралы

4 561 просмотра

Махамбет ауданының әкімі Ерлан ЖАҢАБАЕВ.Махамбет ауданының әкімі Ерлан ЖАҢАБАЕВ.Махамбет ауданы орталығының маңында Жайық өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы биылғы күзде басталады. Бұл туралы Махамбет ауданының әкімі Ерлан ЖАҢАБАЕВ «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында өткен брифингте мәлім етті.

Кеңөріс пен Атамбаев ауылдарының тұрғындары «АЖ»-ға айналадағы бүкіл жердің дәулеттілердің қолдарына өткенін, ал қарапайым тұрғындардың малдарын жаятын жері қалмағанына шағымданған болатын. Е.Жаңабаев жағдайды анықтауға уәде беріп, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді алу жағдайын суреттеп берді. Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатына арналған 173 мың гектар жер бар. Тексеру жұмыстары 204 шаруа қожалығына тиесілі 16 мың гектардың пайдаланылмай отырғанын көрсеткен. Оларды мемлекеттік қорғау қайтару жұмыстары басталды. 11 шаруа 4331 гектар жерді ерікті түрде қайтарған.  

Биыл 15 қожалыққа 50 пайыздық бағамен 17,6 млн теңгеге 597 тонна минералды тыңайтқыштар берілді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингтік негізде фермерлерге алты трактор мен жеті суару қондырғысын ұсынды. 1 қазандағы ахуал бойынша сиыр малы 14 651, қой мен ешкі -  35 979, жылқы – 3 260, түйе – 3 018 құраған. Ауданда ұзындығы 522 шақырымдық тоғыз суару арнасы бар. Аудан шаруашылығы негізінен Нарын, Бақсай, Сарыөзек пен Құрсай каналында топтастырылған.

- Міне, сондықтан да бүкіл каналдардың толық қуаттылықпен жұмыс істеуі маңызды. Оларды қалпына келтіру үшін 1303,9 млн теңге қажет. Биыл бар болғаны 84 млн теңге бөлінді, - деді қынжылып әкім.

Аудан бойынша құбыр суымен қамту бүгінгі күні 46 пайызды құрап отыр. Жеті елді мекенде су құбыры іске қосылған, қалған ауылдарға автоцистерналар барады. Жыл аяғына дейін Махамбет, Ақжайық және Бейбарыс ауылдарындағы су құбырын қайта жарақтау жұмыстарының аяқталатындығына әкім сенімді.

2005-2012 жылдары жеке тұрғын үй құрылысына 6 670 жер телімі бөлінді, алайда инфрақұрылыммен проблема болып отыр. Бұл жерге 105,1 км электр тарату желісін, 133,2 км газ құбырын, 102 км су құбырын жүргізу қажет. Махамбет поселкесіндегі «Игілік» және «Шаттық» ықшамаудандарын, сонымен қатар Жалғансай, Талдыкөл, Береке ауылдарындағы жаңа құрылыстарды газбен және электрмен жабдықтаудың жобалау-сметалық құжаттамасын жасау қажет.

Шалғай елді мекендерде баспананың болмауы салдарынан медицина қызметкерлері жоқ. Осы мәселені шешу үшін Алға мен Ақжайық ауылдарында облыс әкімдігінің қолдауымен медиктерге арналған екіпәтерлі үй құрылысы басталды. Олар 2014 жылы пайдалануға берілмек.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

23 қазан 2013, 13:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.