
Әділет министрі Ерлан Сарсембаевтың айтуынша, Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) соты шығарған бұйрық Қазақстан аумағында орындалмайды.
Бұл шешім Швейцарияда қабылданған арбитраждық шешімді тануға қатысты болғанымен, ол біржақты тәртіпте, жауапкердің қатысуынсыз шығарылған және заңды күшіне енбеген.
Министр жауапкер белгіленген мерзімде шешімнің күшін жоюға өтініш бере алатынын, содан кейін іс екі тараптың қатысуымен қаралуы тиіс екенін атап өтті.
«Бұл кезеңде қандай да бір орындау туралы айту ерте», – деді ол.
Сарсембаев Қазақстанның құқықтық байланысы жоқ шешімдерді орындау алаңына айналмайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл дауда АХҚО сотының юрисдикциясына негіз болатын элементтер жоқ: «Газпром» орталықтың қатысушысы емес, мәміле АХҚО‑да жасалмаған, тараптар дауды осы сотқа беру жөнінде келісім жасамаған.
Министр Конституциялық заңға сәйкес АХҚО сотының юрисдикциясы тек орталыққа қатысты немесе тараптардың келісімімен берілген дауларға ғана таралатынын еске салды.
Сонымен қатар, Қазақстан Нью‑Йорк конвенциясына қатысушы болғанымен, шетелдік арбитраж шешімдерін орындау әр мемлекеттің өз процессуалдық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстанда бұл мәселе Азаматтық процестік кодекстің 503‑бабымен реттеледі.
Еске сала кетсек, «Газпром» мен «Нафтогаз» арасындағы дау 2019 жылғы газ транзитіне қатысты келісімнен бастау алған. 2025 жылы Швейцариядағы арбитраж «Газпромды» 1,4 млрд доллар қарызды өтеуге міндеттеген болатын.
Министрлік қазіргі уақытта Қазақстан заңнамасына шетелдік арбитраж шешімдерін тану және орындау тәртібін нақтылайтын өзгерістер енгізу бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.
В Атырау +31.9