
«Магистральдық Суағызғы» ЖШС-нің «Қиғаш» негізгі су сорғы станциясында сыйымдылығы 6000 текше метрді құрайтын №2-темірбетон резервуарында ағымдағы жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды.
Компания өкілдерінің хабарлауынша, жөндеу барысында резервуардың пайдалану сенімділігін қалпына келтіруге және анықталған техникалық ақауларды жоюға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылды.
Бұл ретте нысанның функционалдығы мен қауіпсіз пайдаланылуына ерекше назар аударылған.
Кәсіпорын осы жобаны іске асыру сумен қамту жүйесінің тұрақтылығын арттыруға және резервуардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Аталған шаралар «ҚазТрансОйл» АҚ-ның еншілес ұйымы — «Магистральдық Суағызғы» ЖШС нысандарының сенімді жұмысын қамтамасыз ету және өндірістік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту шеңберінде орындалды.
«Магистральдық Суағызғы» ЖШС «Астрахан – Маңғыстау» магистральдық су құбыры арқылы Атырау және Маңғыстау облыстарының тұтынушыларына Қиғаш өзенінен табиғи су жеткізуші оператор болып табылады.
Бұл су халықты шаруашылық және ауыз сумен қамтамасыз етуге, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының қажеттіліктеріне, Батыс Қазақстандағы мұнай кен орындарында мұнай қабаттарын суландыруға (қысымды ұстап тұру үшін) пайдаланылады.
«Қиғаш» бас су сорғы станциясы Атырау облысы Құрманғазы ауданының Қиғаш ауылдық округінде орналасқан. «Астрахан – Маңғыстау» су құбырының негізгі су көзі — Еділ өзенінің Қиғаш тармағы.
Су алу нысанының есептік өнімділігі секундына 3 текше метрді құрайды.
Станцияның өндірістік бөлімшелері Атырау – Астрахан теміржол желісінің бойында, Дина Нұрпейісова атындағы станцияға жақын жерде орналасқан. Магистральдық су құбырының осы станция қызмет көрсететін желілік бөлігінің ұзындығы 207 шақырымға жетеді.
В Атырау +31.9