
Атырау қаласының №2 соты жануарға оның мертігуіне алып келген қатыгездікпен қарағаны үшін айыпталған Л.Т.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабының 1-бөлігі бойынша көтерілген.
Сотта анықталғаны айыпталушы Л.Т. орта дәрежедегі масаң күйде, өзінің ауласында «Герда» атты итті жарақаттау мақсатында күрекпен иттің беті мен бас тұсына қасақана бірнеше рет соққы жасаған.
Итке қатыгездікпен қарау және келтірілген соққылар нәтижесінде итте гематомалар, жұмсақ тіндердің ісінуі, әртүрлі анатомиялық аймақтарда пальпация кезінде айқын ауырсыну түрінде көптеген дене жарақаттары анықталып, жануардың жағдайы ауырлығы орташа дәрежеде бағаланды.
Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, жазаны жеңілдетуді сұрады.
ҚК-тің 316-бабының 1-бөлігінің санкциясында 120 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жаза көзделген.
Сот үкімімен Л.Т. ҚК-тің 316-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оның материалдық жағдайы, кәмелетке толмаған баласының болуы ескерілее отырып, оған 100 (жүз) сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды.
Еске сала кетсек, 31 наурыз күні сағат 17:30 шамасында полицияға жануарларға қатыгездік көрсету дерегі бойынша хабарлама түскен. Айтылған мекенжайға жеткен тәртіп сақшылары оқиғаға қатысы бар 39 жастағы әйелді анықтады.
Полиция қызметкерлері оқиға орнына келген сәтте ол қарсылық көрсетіп, заңды талаптарды орындаудан бас тартқан. Бұл әрекеті үшін әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
В Атырау +31.9