
Астанадағы көпбейінді балалар ауруханасының ғимаратынан кішкентай пациенттер мен медициналық қызметкерлер шұғыл түрде эвакуацияланды. Оған емдеу мекемесінің жертөлесіндегі электр қалқанынан шыққан өрт себеп болған.
Қошқарбаев көшесінің бойында орналасқан ауруханада түтін шыққаны туралы хабарлама кезекші бөлімге түскен бойда, елордалық өртсөндірушілер оқиға орнына рекордтық уақытта — небәрі екі минуттың ішінде жетті.
Белгілі болғандай, өрт ошағы ғимараттың жертөлесінде болып, ондағы электр жабдықтары тұтанған. Түтіннің жоғарғы қабаттарға таралу қаупі төнгендіктен, ғимарат ішіндегі адамдарды дереу сыртқа шығару туралы шешім қабылданды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, құтқарушылар мен аурухана әкімшілігі балалар мен қызметкерлерді ғимараттан жедел түрде қауіпсіз жерге көшірген. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және емдеу үдерісін үзіп алмау мақсатында олар уақытша елорданың жақын маңдағы басқа медициналық мекемелеріне жеткізіліп, орналастырылды.
Оқиға орнында жедел өрт сөндіру штабы құрылып, эвакуацияланған азаматтар үшін арнайы жылыну пункті ұйымдастырылды.
Өртке қарсы қызметтің жүйелі әрі үйлесімді әрекетінің арқасында жалын тез арада ауыздықталып, 10 шаршы метр аумақты шарпыған өрт толықтай өшірілді.
ТЖМ оқиға салдарынан ешкімнің зардап шекпегенін ресми түрде мәлімдеді. Қазіргі уақытта оқиға орнында анықтаушылар жұмыс істеп жатыр, электр қалқанының тұтануына не себеп болғаны нақтылану үстінде.
В Атырау +21.7