
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жеке аккаунттарды үшінші тұлғаларға берудің қауіпті үрдісі белең алғанын мәлімдеді. Алаяқтар, әсіресе, жасөспірімдердің сеніміне кіріп, олардан sim-карталар мен дайын профильдерді сатып алып, өздерінің заңсыз мақсаттарына пайдалануда. Тәртіп сақшылары мұндай әрекеттердің соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын қадап айтты, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Кәмелетке толмағандардың белгілі бір материалдық сыйақы (ақша) алу мақсатында үшінші тұлғалардың өтінішімен sim-карталарды іске қосу, оларды мессенджерлерге тіркеп, кейін бөгде адамдарға сатып жіберу деректері жиілеп кетті. Қаскөйлер бұл дайын аккаунттарды азаматтарға алаяқтық қоңыраулар шалу және қаржылық қылмыстар жасау үшін құрал ретінде пайдаланады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, бұл әрекеттер қылмыс жасауға жәрдемдесу ретінде сараланады», — деп ескертті ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.
ІІМ азаматтарға қандай кеңес береді?
Киберқылмыстың құрбаны немесе оған қатысушы (сыбайлас) болып қалмау үшін полиция ведомствосы келесі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрайды:
Күмәнді заттардан бас тарту: Шығу тегі белгісіз, күдікті sim-карталар мен техникалық құрылғыларды сатып алмау және таратпау;
Жеке деректерді қорғау: Әлеуметтік желілердегі өз аккаунттарыңызды ешбір жағдайда үшінші тұлғалардың пайдалануына бермеу;
Абоненттік нөмірлерді сатпау: Жеке телефон нөмірлерін мессенджерлерде тіркеп, кейін оларды бөгде адамдарға табыстамау;
Түсіндіру жұмыстары: Балалар мен жасөспірімдерге мұндай жеңіл табыстың артында қандай құқықтық жауапкершілік пен ауыр салдар тұрғанын мұқият түсіндіру;
Дер кезінде хабарлау: Желіде қандай да бір күдікті әрекеттер немесе заңсыз ұсыныстар байқалса, бірден құқық қорғау органдарына хабарласу.
Ішкі істер министрлігі цифрлық кеңістіктің барлық қатысушыларын барынша қырағы болуға және желідегі қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарамауға шақырады.
В Атырау +21.7