
Атырау облысына ресми сапармен Корея Республикасындағы Әулие Мария халықаралық медициналық орталығының делегациясы келді.
Қонақтар өңірдегі бірнеше медицина мекемесінде болып, олардың жұмысымен танысты. Жергілікті дәрігерлермен кездесуде әріптестік мүмкіндіктері талқыланды.
Сапардың басты нәтижесі – Атырау облысы әкімдігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және Инчхон қаласындағы Әулие Мария халықаралық медициналық орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Бұл келісім өңір медицинасын дамытуға жаңа жол ашады.
Меморандум аясында Атырау дәрігерлері оңтүстіккореялық мамандардың көмегімен біліктілігін арттырып, тағылымдамадан өтеді. Тәжірибе алмасу арқылы заманауи емдеу тәсілдері енгізіліп, әсіресе онкологиялық көмекті жетілдіруге басымдық беріледі. Алдыңғы қатарлы диагностика, қашықтан кеңес беру және кореялық профессорлардан екінші медициналық қорытынды алу мүмкіндігі қарастырылған.
Облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов халықаралық серіктестікті дамыту өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттырудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Жолдауында телемедицина мен қашықтан қызмет көрсетудің маңызын ерекше атап өткен, ал жаңа келісім осы бағыттағы нақты іске асыруға мүмкіндік береді.
В Атырау +25