Атырау, 22 мамыр 14:51
 дождьВ Атырау +25
$ 471.45
€ 547.21
₽ 6.63

«Ағашкасыз кіре алмайсың ба?»: Threads-та ТШО мен NCOC-қа жұмысқа орналасу жайлы дау өршіді

119 рет қаралды
2ГИС
Сурет: 2ГИС

Батыс Қазақстан тұрғындары үшін ірі мұнай компанияларындағы жұмыс тұрақтылықтың, жоғары жалақының және әлеуметтік мәртебенің символы саналады. Бірақ жылдар бойы мұнда таныссыз, «қолдаушысыз» жұмысқа тұру мүмкін бе деген әңгіме толастамай келеді.

Бұл жолы ескі тақырып күтпеген жерден Threads-тің қазақстандық сегментінде қайтадан қызу талқыға түсті.

riserzzz.221 атты қолданушы: «ТШО мен NCOC-та жұмыс істейтіндер, қалай кірдіңіздер?», деп қарапайым сұрақ қойды. Алайда пікірталас бірден кеңейіп, қарапайым кеңестерден шығып кетті.

Кейбір комментаторлар таныссыз мұндай компанияларға кіру мүмкін емес десе, басқалары жеке тәжірибесін айтып, шешуші рөлді туыстық байланыстар мен бейресми қатынастар атқарғанын жеткізді.

Бір қолданушы ТШО-дағы 2009 жылғы тәжірибесін еске алды. Оның айтуынша, бірге стажировка жасаған танысы дипломын қорғай алмаған, бірақ жұмысқа қабылданған. Автор мұны оның анасының бөлім басшысымен таныстығымен байланыстырды.

Сонымен қатар, пікірталаста «мұнайда бәрін ағашкалар, «қолдау» мен ақша шешеді» дегенге үзілді-кесілді қарсы шыққандар да болды.

NCOC қызметкері Асхат Алпысбай егжей-тегжейлі пікір білдірді. Оның айтуынша, білім, тәжірибе және кәсіби бедел басты рөлді атқарады.

«Маңыздысы — білім, тәжірибе және нетворкинг. Ешкім проблемалы қызметкерді алып, оның жұмысын өзі істегісі келмейді», — деп жазды ол.

Асхат нетворкингті туыстық байланыс емес, адамды білікті маман ретінде білетін кәсіби ортадағы таныстық деп түсіндірді.

Ол сондай-ақ 2015 жылдан бастап ірі мұнай компанияларында мүдделер қақтығысын тексеру күшейгенін айтты. Кандидаттар ТШО немесе NCOC-та жұмыс істейтін туыстарын көрсетуге міндетті. Мұндай ақпаратты жасырған жағдайда салдары кандидатқа да, компания қызметкеріне де тиеді.

Асхаттың айтуынша, тексеру кезінде фамилия, әке аты, тұрғылықты мекенжай және басқа деректер салыстырылады.

Өзі 2009–2016 жылдары мердігерлік компанияларда жұмыс істеп, кейін кадрлық агенттік арқылы ТШО-ға кірген. Кейін бес рет тікелей келісімшартқа өтуге тырысқан.

«Үш рет SHL тестін тапсырдым. Алғашында құладым, кейін екі рет тапсырдым. 2019 жылы NCOC-қа тікелей келісімшартпен қабылдандым», — дейді ол.

Содан бері компанияда жұмыс істеп келеді.

Редакцияның қолына түскен құжатқа сәйкес, ТШО-ға жұмысқа орналасу кезінде кандидаттар міндетті түрде сол компанияда жұмыс істейтін туыстары туралы деректерді толтыруы тиіс.

Атырау облысында мұнай компанияларына жұмысқа орналасу тақырыбы көп жылдан бері талқыланып келеді. Жоғары бәсекелестік пен бос орындардың шектеулі болуына байланысты кез келген түсініксіз бас тарту «өз адамдар» мен жабық нарық жайлы әңгімелерге себеп болады.

Threads-тағы пост кейін жоғалып кетті. Неліктен жойылғаны белгісіз. Бірақ елдегі ең ірі мұнай компанияларына қалай жұмысқа орналасатыны жайлы дау қолданушылардың реакциясына қарағанда әлі де басылмаған.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 13:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.