
Мәжіліс депутаттары амнистия туралы заң жобаларының пакетін жұмысқа қабылдады. Ауқымды науқан аясында қазақстандықтардың бірнеше миллиард теңге құрайтын әкімшілік айыппұлдары жойылуы мүмкін, деп хабарлайды zakon.kz.
Депутат Снежанна Имашеваның мәлімдеуінше, заң жобасын Парламент депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірлеген. Елімізде тек қылмыстық қана емес, Қазақстан тарихында тұңғыш рет әкімшілік амнистия өткізу жоспарланып отыр.
Кімдердің және қандай айыппұлдары сөгіледі?
Мәжіліс депутатының айтуынша, жойылатын айыппұлдардың шамамен 90 пайызы Ішкі істер министрлігінің желісіне тиесілі. Олардың басым бөлігі — жол қозғалысы ережелерін (ЖҚЕ) бұзу деректері және олар бойынша есептелген өсімпілдер (пеня).
Амнистияға ілігуі мүмкін айыппұлдар:
- Қауіпсіздік белдігін тақпай жүру;
- Рөлде отырып ұялы телефон пайдалану;
- Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеген басқа да ұсақ заңбұзушылықтар.
«Айыппұлдардың нақты санын дөп басып айта алмаймын, бірақ жалпы сомасы — бірнеше миллиард теңгені құрайды. Бұл — Президенттің тапсырмасы. Әкімшілік амнистия елімізде алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, бұл біздің алғашқы тәжірибеміз. Мақсат — азаматтарды айыппұлдан босатып, олардың қаржылық жүктемесін жеңілдету», — деп түсіндірді Снежанна Имашева Мәжіліс кулуарында.
Айыппұл төлеуден жеке тұлғаларды, кәсіпкерлік субъектілерін, жекеше нотариустарды, адвокаттарды, қандастарды және Қазақстанның басқа да азаматтарын босату көзделуде. Заң жобасы Парламенттің ағымдағы сессиясының соңына дейін қаралады деп жоспарланған.
Қандай ереже бұзушылықтар кешірілмейді?
Депутат ЖҚЕ-ні өрескел бұзып, өзге азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргендерге ешқандай кешірім болмайтынын қадап айтты.
Төмендегі заңбұзушылықтар үшін айыппұл толық төленеді:
Бағдаршамның тыйым салынған белгісіне (қызыл түске) өтіп кету;
Жылдамдық режимін шамадан тыс асыру;
Көлікті мас күйінде (алкогольдік немесе есірткілік еліру) басқару.
Қылмыстық амнистия туралы не белгілі?
Әкімшілік айыппұлдармен қатар, депутаттар қылмыстық амнистия мәселесін де қарастырып жатыр. Бұл шара Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына орайластырылған.
Қылмыстық амнистия аясында қылмыстық теріс қылықтар, сондай-ақ зардап әкелмеген шағын және орташа ауырлықтағы қылмыстар жасаған тұлғаларды жауаптылықтан босату ұсынылуда. Ал ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жаза мерзімдері қысқартылуы мүмкін, бірақ бұл тек олар келтірілген шығынды толық өтеген жағдайда ғана жүзеге асады.
Бұған дейін ІІМ амнистия жүргізудің алдын ала тәсілдерін жариялап, қоғамға қауіпті әрі резонансты қылмыстар жасағандардың (мысалы: терроризм, экстремизм, педофилия немесе азаптау деректері бойынша) бұл науқанға ешқандай жағдайда ілікпейтінін мәлімдеген болатын.
В Атырау +30.2