Атырау, 21 мамыр 12:19
 дождьВ Атырау +30.2
$ 471.77
€ 547.25
₽ 6.60

Атырауда бұрынғы оқытушы діни насихаты үшін сотталды

85 рет қаралды

Кезінде Атыраудағы политехникалық колледжде дәріс берген 38 жастағы ер адам діни араздықты қоздырғаны және терроризмді насихаттағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Halyqstan ақпараттық порталы хабарлайды.

Ақпаратқа сүйенсек, ол соңғы жылдары Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында тұрып, жергілікті тұрғындарға тікелей құрылыс алаңдарында діни уағыз айтып келген. Сот анықтағандай, ер адамның арнайы діни білімі болмаса да, айналасындағыларға ислам діні бойынша «дұрыс өмір сүруді» үйретіп, тым радикалды көзқарастарды насихаттаған.

Іс материалдарына сәйкес, ол «кәпірлерге», оның ішінде қысқа белдемше киетін әйелдерге қолданылатын басты жаза — өлімге дейінгі зорлық-зомбылық болуы тиіс деп мәлімдеген. Сондай-ақ ол христиан, буддист, шиит және сопылық ағым өкілдерін де «кәпірлер» қатарына қосып, діни себептермен зорлық-зомбылық әрекеттерін жасайтын және жаңа мүшелерді оқытатын қарулы мұсылманшыл құрылымдар құру қажеттілігін алға тартқан.

Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындап, радикалды идеологияның ықпалында кеткенін мәлімдеді. Ол өзінің тәрбиесінде 4 баласы бар екенін, оның екеуіне алимент төлейтінін алға тартып, соттан жеңілдеу жаза тағайындауды сұрады.

Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі («Діни араздықты қоздыру») және 256-бабтың 1-бөлігі («Терроризмді насихаттау») бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Мән-жайды анықтау барысында сотталушы физика және математика пәндерінен үздік оқығаны белгілі болды. Өз сөзіне сүйенсек, оның дінге деген қызығушылығы уақыт өте келе намаз оқитын студенттермен араласқаннан кейін оянған. Ал әрі қарай, мұндай оқиғаларда жиі кездесетіндей, оның «діни білім» алатын негізгі құралы ғаламтор (интернет) желісі болған.

Бүгін, 10:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.