
Пентагонның құпиясыздандырылған мұрағаттарынан 1994 жылғы дипломатиялық жеделхат табылды. Онда америкалық ұшқыштардың Қазақстан әуе кеңістігінде жұмбақ нысанды көргені туралы жазылған. Осыған байланысты Tengri Life тілшілері отандық радарлар мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚ) жүйелерінің қандай да бір ерекше құбылысты тіркеген-тіркемегенін білу үшін Қорғаныс министрлігі мен қазақстандық астрофизиктерге сауал жолдады.
Пентагон архивіндегі құпия дерек
АҚШ Мемлекеттік департаментінің 1994 жылғы 27 қаңтардағы жеделхатына сәйкес, Boeing 747 ұшағының экипажы (бір тәжікстандық және үш америкалық ұшқыш) Қазақстан аспанынан ерекше жарық нысанды байқаған. Олардың айтуынша, белгісіз нысан өте жоғары жылдамдықпен қозғалып, бағытын күрт өгертіп, 90 градустық бұрылыстар жасаған.
Астрофизиктердің пікірі: Бұл сирек кездесетін табиғи құбылыс болуы мүмкін
В.Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының мамандары бұл нысанның өз құрылғыларына ілікпегенін түсіндірді.
Бақылау ауқымы: Институт телескоптары 100 шақырымнан асатын биіктіктегі алыс ғарыш нысандарын ғана зерттейді. Бұл шекарадан төмен орналасқан нәрселер олардың көру аясына кірмейді.
Ғарыштық деректер: Сыртқы ғарыштық телескоптардан да бұл туралы ешқандай ақпарат түспеген.
Ғылыми болжам: Институт қызметкері Светлана Мошкинаның айтуынша, ұшқыштар сипаттаған бұл жағдай теориялық тұрғыдан сирек кездесетін атмосфералық құбылысқа, мысалы, шар тәрізді найзағайға ұқсауы мүмкін.
Қорғаныс министрлігінің ресми жауабы: "Дәлел жоқ"
Қазақстанның Қорғаныс министрлігі ел аспанында БҰН (НЛО) ұшқаны туралы ақпаратты ресми түрде теріске шығарды. Ведомствоның мәлімдемесі келесідей негіздерге сүйенеді:
Ақпарат расталмады: Министрлікте Қазақстан аумағында жерден тыс нысандардың болғанын айғақтайтын ешқандай ресми қорытынды немесе дәлел жоқ.
Радарлар ештеңе байқамаған: Сол кезеңде ӘШҚ күштері мен құралдары ешқандай белгісіз ұшу нысанын тіркемеген және олардың соңынан бақылау жүргізбеген.
Субъективті пікір: Министрлік бұл құжаттарды шет мемлекеттердің архивіндегі жеке тұлғалардың объективті дәлелсіз, тек субъективті айғақтары деп санайды және олардың шынайылығына жауап бермейді.
"Қорғаныс министрлігінің архивтерінде елдің әуе кеңістігіндегі осындай аномальды құбылыстардың тіркелуіне қатысты құжатталған айғақтар, есептер немесе өзге де материалдар мүлдем жоқ", — деп түйіндеді ведомство.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы (ФТБ) да құпия құжаттарын жариялаған болатын. Онда белгісіз ұшу нысандары мен жұмбақ "ергежейлілер" туралы хабарламалар қамтылған.
В Атырау +30.2