«Атырау Агросервис» ЖШС-тің сенімді басқаруындағы көкөніс қоймасында азық-түлікті тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін көкөніс өнімдерін түсіру басталды. Осы мақсатта алғашқы рет көкөністің үлкен бөлігі жергілікті шаруа қожалықтарынан сатып алынып жатыр.
Тұрақтандыру қоры биыл 3000 тонна картоптан, 420 тонна сәбізден, 1700 тонна жуадан, 50 тонна қызылша мен 20 тонна орамжапырақтан қалыптасуы керек. Сәуір айында бағдарлама операторы болып табылатын «Атырау» ӘКҚ 17 шаруа қожалығымен фьючерлік шарттар жасасқан еді.
- Картоп турасына келсек, жергілікті жеткізулермен қатар, Павлодардан да әкелінеді, ол жақтан 1700 тонна әкелу жоспарланып отыр, - дейді «Атырау Агросервис» ЖШС-нің директоры Асқар БИСЕНОВ.
Бугінде көкөніс қоймасына 260 тонна картоп, 70 тонна сәбіз, 700 тоннаға жуық жуа әкелінген екен.
Көкөніс қоймасына келген сәтімізде қызметкерлер келіп түскен картопты іріктеп жатыр екен. Ұзақ сақтауға келмейтіндері кептірілгеннен кейін сатылымға шығарылады. Жақсы картоптар қойма орынжайларында сақталады. Қоймалардың екі түрі бар. Бірі – желдеткіші бар, орташа ауа температурасы +5 градус болатын қойма, екіншісі – орташа температурасы 2-3 градустан аспайтын «тоңазтқыштар».
Тұрақтандыру қорын қалыптастыруға биыл бюджеттен 209,9 млн. теңге бөлінді. Тұрақтандыру қоры сатып алған көкөністер «Дина», «Көктем», «Насиха» базарларында, «Атаба» және «Идиал» супермаркеттерінде «Әлеуметтік тауарлар» және «АтырауАгроСервис» ЖШС деген жазулары бар 13 сауда орталықтарында сатылады. Тұрақтандыру қоры бойынша облыстық комиссия келесі бағаларды белгіледі: картоп – 65 теңге, сәбіз – 75 теңге, жуа – 55 теңге, қызылша – 70 теңге, орамжапырақ – 70 теңге.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор