Атырау, 20 мамыр 10:54
 дождьВ Атырау +16.9
$ 471.93
€ 548.43
₽ 6.61

Бокстан әлем чемпионаты​ 2027 жылы Астанада өтеді

70 рет қаралды

2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек бұл ауқымды доданы қабылдау елорда үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Оның айтуынша, бокс — қазақ халқының болмысымен біте қайнасқан, қайсарлық пен темірдей тәртіпті және жеңіске деген мұқалмас жігерді шыңдайтын спорт түрі. Дайындық барысын пысықтау мақсатында шаһар басшысы World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкинмен және ұйымның бас хатшысы Том Диленмен арнайы кездесу өткізді. 

Жауапты басқосуда алдағы жаһандық бәсекеге әзірлік жұмыстары, елорданың спорттық инфрақұрылымының деңгейі және халықаралық ұйыммен тығыз ықпалдастық орнату мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы еліміздің бокстағы әлеуеті өте жоғары екенін және бұл биік жетістіктер халықаралық спорт аренасында толық мойындалғанын қадап айтқан болатын. Президент отандық спорт саласының алдына боксты нағыз ұлттық спорт түріне айналдыру туралы маңызды міндет қойған еді. Осы ретте Жеңіс Қасымбек бұл дүбірлі дода тек ауқымды спорттық жарыс қана емес, қазақстандық бокс мектебінің халықаралық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдейтін тарихи іс-шара болатынына сенім білдірді. 

Сондай-ақ елорда әкімдігі әлем чемпионатын ең жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Өз кезегінде World Boxing ұйымы да Қазақстанның бұған дейінгі халықаралық спорттық шараларды өткізудегі жоғары тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетін ерекше бағалап отыр.

Бүгін, 08:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.