Атырау, 19 мамыр 11:17
 дождьВ Атырау +19.8
$ 467.58
€ 543.66
₽ 6.44

Қазақстанда көліктің «әдемі» нөмірлер тізімі кеңейді

61 рет қаралды

2026 жылғы 25 мамырдан бастап Қазақстанда автокөліктерді тіркеу ережелеріне енгізілген түзетулер күшіне енеді.

Негізгі өзгерістердің қатарында «VIP» нөмірлердің жаңа сериясы және бұрын қолданыста болған кез келген нөмірді жақын туыстарға қайта рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған, деп хабарлайды Kolesa.kz.

Бұған дейін ескі нөмірді автокөлік ауысқан кезде сақтап қалу тек жоғары сұранысқа ие («әдемі») нөмірлер үшін ғана рұқсат етілсе, енді бұл ереже кез келген мемлекеттік нөмірге қатысты қолданылады.

Жаңа ереже бойынша, бұрын пайдаланылған нөмірлік белгілерді келесі санаттарға қайта беруге болады:

  • Мемлекеттік органдар мен дипломаттарға;
  • Ата-аналарға, балаларға, асырап алушылар мен асырап алынған балаларға;
  • Бір әке-шешеден туған немесе әкесі не шешесі бір аға-інілер мен апа-сіңлілерге (қарындастарға);
  • Аталарға, әжелерге және немерелерге;
  • Бұрынғы иесінің ресми некедегі жұбайына (зайыбына);
  • Құқықтық мұрагерлер мен заңды аманатшыларға.

Тіркеу ережелері жоғары сұранысқа ие цифрлық комбинациялардың жаңа санатымен толығады. Енді ресми түрде сатылатын «әдемі» нөмірлер қатарына мынадай тізбектер қосылады: 101, 121, 131, 141, 151, 202, 303, 404, 505, 606, 717, 808, 909 және осыған ұқсас басқа да комбинациялар. Сондай-ақ, осы сандармен бірге әріптері де бірдей болатын нөмірлер қолжетімді болады.

Бұл комбинациялардың құны Салық кодексінде бекітіліп қойған. 2026 жылғы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) бойынша баж салығының мөлшері келесідей:

  • Тек жаңа сандар комбинациясы үшін: 15 АЕК, бұл — 64 875 теңге;

  • Сандары да, әріптері де бірдей комбинация үшін: 72 АЕК, бұл — 311 400 теңге.

Бүгін, 10:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.