
Құрманғазы ауданы Кудряшов ауылының тұрғындары су астында қаламыз ба деп қауіптенуде. Себебі, Қиғаш өзені мол суға кенеліп, арнасы толған.
-14 мамырда келген су ауылдың іргесіне келіп тақалып тұр. Кезінде жасалған бөгеттер де ескірген, кейбірі жермен-жексен болып жатыр. Қалқан қылған шифрлардан өтіп кеткен, асты ылғал болғандықтан жер де жарыла бастапты. Қорқынышты күйде отырмыз, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалдық, дер кезінде шарасын алып бөгемесе ауыл түгел су астында қалуы мүмкін. Аудан әкімшілігі, ТЖ бірлескен жұмысы керек,-деп дабыл қағады жергілікті тұрғындар.
Аудан әкімшілігінен алынған ақпаратқа қарағанда, Қиғаш өзенінің су деңгейі 268 см, яғни тәулігіне 1 см өсуде. Қауіпті деңгейі 518 см.
Соғылған бөгеттің ұзындығы 7 шақырымды құрайды. Кейбірінің тозығы жеткен. Бөгеттерді биіктетіп, нығайтпаса болмайды.
Аудан әкімі Абат Жанғалиевтың айтуынша, қазір жағалауды нығайту жұмыстары жүріп жатыр.
- Бұл жұмыстарға 300-ге жуық адам қатысуда. ТЖД, "КазСтройСервись" ЖШС техника мен адам күшін жұмылдыруда. Сонымен бірге аудан мекемелерінің қызметкерлері, "Атырау-Жарық" АҚ аудандағы филиалы, "Ер қосай" жеке заставасының жеке құрамы, еріктілер көмекке келуде. "Мейірімді жүрекпен" қоғамдық қоры жұмыс жасаған адамдарды ауыз су, жеңіл тағамдармен ауқаттануды ұйымдастыруда. Қазіргі уақытта ауданның ауыл, елді мекендерін су басу қаупі жоқ, - деп хабарлады әкім.
Жалпы бөгеттерге 9000 қап инерттік материал толтырылған қапшықтар жеткізілген.
"АЖ" анықтамасы: Кудряшов ауылы аудан орталығынан 47 шақырым жерде орналасқан, яғни, Ресеймен шекаралас. Ауылда 560 үйде 2100 тұрғын тұрады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +29.4