
Кезінде бұл жерде ауданның болашақ интеллектуалдық қоры білім алуы тиіс еді. Ал бүгінде үш қабатты ғимараттың терезелері сынған, электр сымдары жұлынып алынған, айналасы қалың шөп басқан. Көрініс қазір оқу орнына емес, қараусыз қалған қаңыраған бос жерге көбірек ұқсайды.
Жылыой ауданы Құлсары қаласы "Болашақ" ықшам аудандағы дарынды балаларға арналған лицей бүгінде иесіздік қамытын киіп, талан-таражға түскен.
2015 жылы бюджеттен 703 млн теңге бөлініп, үш қабатты ғимарат пайдалануға берілген. Он жылдың ішінде ғимарат адам көргісіз күйге түскен.
Сыртқы қоршаулары ұрланып кеткендіктен ауласындағы өсімдіктер жабайы күйде өсіп, үйір-үйір жылқылардың жайылысына айналған. Ғимараттың сыртқы есігі ашық-шашық күйде. Терезелері сынып, кейбір бөлмелері өртелген. Токтары жұлынып, жылу батареялары қолды болған. Бүгінде сау тамтығы қалмаған ғимарат қаңғыбастардың орнына айналыпты.
- Кезіндегі типтік жобадағы білім ошағының он жылда мынадай күйге түсуі қынжылтады. Неге уақытында күзетші қоймаған. Ие табылса дәл осындай дәрежеге түспес еді, ғимарат кімнің балансында тұр? Бюджет қаржысына салынған осындай обьектілердің иесіз қалуына жергілікті әкімдік кінәлі, - дейді қоғамдық белсенді Райса Телеубаева.
Біресе ауданның, біресе облыстық білім басқармасына өткен ғимаратқа расында кім жауапты.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Ләззат Еділханқызы лицей 2025 жылы Жылыой аудандық ТҮКШ бөлімінің балансысына көшкенін айтады. Лицейге өткен жылы Құлсары қаласынан ғимарат табылмай, облыс орталығына көшірілген еді.
Ал аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланов ғимаратқа техникалық сараптама жүргізіліп, қорытындысына сәйкес бұзылатынын жеткізді.
Жылыой ауданында сәтсіз жобалар көп. 2016 жылы Шоқпартоғай ауылында "Игілік" бағдарламасымен салынған балабақша бүгінде пайдаға асусыз қалып бұзылды. Балабақша ғимаратын салуға 605 млн теңге жұмсалған еді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау +29.4 


