Атырау, 13 мамыр 14:12
 дождьВ Атырау +24.1
$ 463.91
€ 544.63
₽ 6.26

Жеке қолға өткен «Атырау» футбол ​клубы бюджеттен 2,4 млрд теңге ​алды

147 рет қаралды
«Мұнайшы» стадионындағы жанкүйерлер.
«Мұнайшы» стадионындағы жанкүйерлер. "АЖ" мұрағаты

Жеке меншікке өткеніне қарамастан, «Атырау» футбол клубы әлі де мемлекеттік қаржыдан қолдау алып отыр.

17 сәуірде төртінші рет өткізілген саудада команда 77 млн теңгеге сатылып, жеке қолға өтті. Бұған дейінгі үш сауда сәтсіз аяқталып, активтің бағасы біртіндеп төмендеген еді. Ал бастапқыда клубтың нарықтық құны 250,8 млн теңге деп бағаланған болатын.

«Атырау» футбол клубын «Caspian Football Group» ЖШС сатып алды. Компанияны белгілі кәсіпкер Болат Қонарбайдың мүддесін қорғайтын Айбек Тілеужан басқарады.

Жекешелендірі шарттарына сәйкес жаңа иесі клубқа қатысты 27 міндетті орындауы тиіс. Ең басты талап – үш жыл ішінде кемінде 1 млрд теңгеге балалар футбол академиясын салу. Бұдан бөлек, инвестор кәсіби әйелдер командасын құруға, балалар мен жасөспірімдер арасында іріктеу жұмыстарын жүргізуге, жаттығу базалары мен стадионды тиісті деңгейде ұстап тұруға міндеттелген.

Жеке қолға өткеннен кейін көп ұзамай «Облыстық футбол командасы “Атырау”» ЖШС бір көзден сатып алу тәсілімен екі ірі тендерді жеңіп алды.

  • 22 сәуірде – «Атырау облысында футбол орталығының (балалар футболы) қызметін ұйымдастыру, 2026–2028 жылдар» жобасы, құны 1,8 млрд теңге (ҚҚС-сыз).

  • 23 сәуірде – «Атырау облысының әйелдер құрамасы футбол командасының қызметін ұйымдастыру, 2026–2028 жылдар» жобасы, құны 646,5 млн теңге (ҚҚС-сыз).

Бұл жерде «клубтың жаңа иесіне жүктелген жобалар неге бюджет есебінен қаржыландырылып отыр?» деген орынды сұрақ туындайды.

Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы (екі тендердің тапсырыс берушісі) бөлінген қаражаттың «Атырау» ФК жаңа иесінің инвестициялық міндеттемелеріне қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

«22 және 23 сәуірде өткізілген мемлекеттік сатып алулардың мазмұны мен құқықтық сипаты бөлек және олар тек футбол орталығы мен әйелдер командасының ағымдағы қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.

Аталған сатып алулар аясында:

  1. футбол орталығының жұмыс істеуі (жаттығу процесі, жарыстарға қатысу, жаттықтырушылар мен әкімшілік персоналды ұстау);
  2. балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту және спорттық резерв дайындау;
  3. әйелдер футбол командасының қызметі (дайындық, ресми жарыстарға қатысу, ағымдағы шығындар);
  4. клубтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін әкімшілік, медициналық, техникалық және шаруашылық процестер қамтамасыз етіледі.

Осылайша, бұл шығындар спорттық инфрақұрылымды ағымдағы деңгейде ұстап тұруға және командалардың жарыстарға қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған», – делінген облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов қол қойған ресми жауапта.

Әкімдік барлық 27 талаптың күшінде екенін растады, оның ішінде балалар футбол академиясын салу міндеті де бар.

«Мемлекеттік қолдау өтпелі сипатқа ие және клуб берілген күннен бастап үш жыл бойы жүзеге асырылады. Осы кезеңде инвестор клубтың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, демеушілерді тартуға және қызметін өзін-өзі ақтайтын деңгейге жеткізуге міндетті», – делінген басқарманың ресми жауабында.

Лев ГУЗИКОВ

Бүгін, 12:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.