
Ішкі істер министрлігі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС нысандарындағы қылмыстық схемалардың жолын кесу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгенін мәлімдеді. Өткен жылдан бері Ұлытау облысында стратегиялық кәсіпорындағы ұрлыққа қатысы бар бірнеше қылмыстық топ жойылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство мәліметінше, елдегі қала құраушы алпауыт кәсіпорындардың экономикалық қауіпсіздігін қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, қазіргі таңда полицейлер келтірілген шығынның 94,5 пайызын өндіріп алды.
Алтын қоспалары және жергілікті қылмыстық топтар
Тергеушілер жергілікті қылмыстық топтардың қамқорлығымен әрекет еткен топтың ісін сотқа дейін жеткізді. Ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) мүшелері құрамында бағалы металдардың жоғары концентрациясы бар кен қоспаларын ұрлаудың күрделі схемасын құрған.
Тек 2026 жылдың басынан бері жедел уәкілдер компанияға ірі көлемде шығын келтірген төрт ұрлық дерегін ашты.
Бір тонна жанармай және «жалған» құжаттар
Кезекті операция 7 мамыр күні Мемлекеттік күзет қызметімен (МКҚ) бірлесіп өткізілді. Бұл жолы полиция жанар-жағармай материалдарын ұрлау схемасын әшкереледі.
Ұстау барысында күдіктілерден мыналар тәркіленді:
бір тоннадан астам жанармай;
ірі көлемдегі ақша қаражаты;
көлік құралдары мен заттай дәлелдемелер;
оқ-дәрілері бар қару.
«Тергеу барысында ұрлықтың арнайы техникаға жалған жанармай құю және құжаттарды қолдан жасау арқылы жүзеге асырылғаны анықталды. Бұдан бөлек, жекелеген күзет құрылымдары қызметкерлерінің қылмысқа көмектесу фактілері белгілі болды», — деді Қуандық Алпыс.
Қазіргі уақытта полиция қаржылық құжаттамаға талдау жүргізуде. Алдын ала мәліметтер бойынша, шығынның жалпы сомасы аса ірі көлемді құрауы мүмкін. Тергеу амалдары жалғасуда.
В Атырау +17.6