
Қазақстанда бензиннің төмен бағасына қатысты мәселе қайта талқылана бастады. Бір жағынан, арзан отын халықтың қалтасына әсер ететін шығынды азайтса, екінші жағынан — жанармайдың бағасы жоғары көрші елдерге заңсыз шығарылуына (реэкспортқа) себеп болып отыр.
Депутат Болат Әлиев баға айырмашылығына байланысты шетелдік жүк көліктерінің Қазақстанда жаппай жанармай құятынын, сондай-ақ отынның бір бөлігі шекаралық «жасырын жолдар» мен контрабанда арқылы сыртқа кетіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мәселе әсіресе елдің оңтүстік, солтүстік, шығыс және батыс шекара маңындағы өңірлерінде қатты байқалады.
«Мемлекеттің өз азаматтары үшін ұстап отырған әлеуметтік бағасын бүгінде шетелдік тасымалдаушылар, «жасырын жолдар» және контрабандашылар пайдаланып отыр», — деп жазды депутат.
Б. Әлиев отынға нарықтық баға белгілеп, ал Қазақстан азаматтарына баға айырмашылығын 2–3 күн ішінде кешбэк түрінде қайтаруды ұсынады. Оның пікірінше, бұл схема:
Қазақстандықтарды қолдауды сақтап қалуға;
Контрабандаға деген ынтаны жоюға;
Жасанды сұранысты азайтуға;
Ресми сатылым мен салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазақстан өз ресурстары есебінен өзге елдің бизнесін субсидиялауды тоқтатады», — деп есептейді депутат.
Алайда ENERGY MONITOR Telegram-каналының сарапшылары бұл идеяны сынға алды. Олардың пайымдауынша, кешбэк жүйесі жанармай бекеттеріндегі (ЖҚБ) заңсыз әрекеттерге жол ашуы мүмкін: операторлар шетелдік көліктерге өз атынан немесе таныстары арқылы жанармай құйып, қосымша табыс табуға тырысады.
Сондай-ақ, сарапшылар бюджет тапшылығы жағдайында үкіметтің баға айырмашылығын тікелей субсидиялауы екіталай деп есептейді. Олардың пікірінше, қазіргі төмен баға мұнай өндіруші компаниялардың алынбаған табысы есебінен қамтамасыз етіліп отыр.
ENERGY MONITOR мамандары кешбэкке негізделген күрт өзгерістердің орнына мұнай өнімдерінің бағасын кезең-кезеңімен еркіне жіберуді ұсынады. Ал акциздер мен көтерме бағалардың өсуінен түсетін қосымша қаражатты шын мәнінде мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек ретінде бағыттаған тиімдірек болмақ.
Осылайша, бензин бағасы мәселесі Қазақстан үшін ең сезімтал тақырыптардың бірі болып қала бермек. Арзан отын халыққа көмектескенімен, тапшылық қаупін тудырып, бюджет пен мұнай саласының шығынына әкеп соғуда.
В Атырау -10