
Өскемен қаласында «Казцинк» ЖШС металлургия алаңындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен тағы бір қызметкер қайтыс болды.
Кәсіпорынның мәліметінше, қызметкер 5 мамырда орын алған жазатайым оқиға салдарынан алған ауыр жарақаттарынан түнде ауруханада көз жұмған.
«Казцинк» қаза тапқан азаматтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, марқұмның отбасына және компания қызметкерлеріне қажетті қолдау көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Қазіргі уақытта алаңда апат салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, мемлекеттік органдармен бірлескен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Компанияның нақтылауынша, Өскемен металлургиялық кешенінің мырыш және қорғасын зауыттары қазіргі уақытта өндірістік қуаттылықты уақытша төмендету режимінде жұмыс істеп тұр.
Еске сала кетейік, 5 мамырда Өскемендегі «Казцинк» ЖШС зауытының аумағында шаң жинау құрылғысы жарылған болатын. Жарылыстан кейін өрт шығып, ғимараттың бір бөлігі опырылып түсті. Кейінірек тілсіз жау толықтай ауыздықталды.
Бұған дейін екі адамның қаза тауып, бес адамның зардап шеккені хабарланған еді. Тағы бір қызметкердің қайтыс болуына байланысты қаза тапқандар саны үшке жетті.
Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті жарылыс пен өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
В Атырау -10