
Атырауда полиция жол бойында қауіпті манёвр жасап, қозғалып келе жатқан көліктен отшашу атқан жас жігіттердің тобын ұстады.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода жас жігіттердің қауіпті әрекеттері қоғамда үлкен резонанс туғызды. Кадрларда жолаушылардың терезеден шығып, қозғалыстағы көліктің ішінен пиротехника атып жатқанын көруге болады.
Полиция департаменті хабарлағандай, оқиғаға қатысқан барлық қатысушылардың жеке басы анықталып, олар полиция бөлімшесіне жеткізілді.
- Көлік жүргізушісіне жол қозғалысы қағидаларын бұзып, қауіпті маневр жасап, авариялық жағдай тудырғаны үшін және жолаушысының көлік терезесінен денесін шығарған күйде көлік басқарғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды, - деп хабарлады полиция.
Сонымен қатар, аталған тұлғаларға қатысты ұсақ бұзақылық, елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолдану және түнгі тыныштықты бұзу деректері бойынша да әкімшілік шаралар қабылданды.
Полиция мәліметінше, бұзақылық дерегі бойынша жүргізуші мен жолаушы әкімшілік қамауға алынды, ал автокөлік арнаулы тұраққа қойылды.
Полиция жол қозғалысы кезінде жасалған кез келген құқық бұзушылық заң аясында жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Айгүл Мансурова
В Атырау -10