Атырау, 12 мамыр 13:06
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 461.26
€ 542.58
₽ 6.18

Құлсарыда көпқабатты үйдің шатырынан су кетіп, тұрғындар босып кетті

Бейнежазба
82 рет қаралды

8 мамырдағы жауын-шашыннан Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы көпқабатты №3,7,7 А үйлерінің тұрғындары шатырдан су кетіп, көшеде қалды. 

Су басқан пәтерлерден бүлінген тұрмыстық техниканы шығарып, уақытша баспана іздеуге тура келді: жөндеу жұмыстары кезінде мердігер шатырды алып тастап, салдарынан жауын суы пәтерлерге құйылған еді.

Тұрғындардың айтуынша, ең қатты зардап шеккен – жоғарғы қабаттар. Алайда су үшінші қабатқа дейін өтіп кеткен.

 -Біздер, бесінші қабаттағы пәтер тұрғындарымыз. Жөндеу жүреді деп мердігер компания шатырды түгел "жалаңаштап" тастады. Соның кесірінен төбеден аққан жауын сорғалап, 3-ші қабатқа дейін жетті. Ал ең жоғары қабатта тұратын тұрғындар қатты зардап шегіп отыр. Тоңазытқыш, кір жуатын машина, техникалық құралдарымыз жарамсызданып қалды. Кілем, көрпелер суда қалқып жүрді. Үйде құрғақ жер қалмады, далада қалдық, - дейді "АЖ" редакциясына хабарласқан тұрғындар. 

"Атырау-Жарық" АҚ Жылыой аудандық бөлімшесі пәтерлерді ток көзінен ажыратып, кезекшілік ұйымдастыруда.

Қоғамдық белсенді Раиса Телеубаеваның айтуынша, тұрғындардың зардап шегуі бірінші рет емес, 29 сәуірдегі жауында да шатырдан су кетіп азап көрген. Одан кейін аудандық әкімшілік шатырсыз қалған үйлердің төбесіне қарақағаз төсеп, енді су кетпейтініне кепілдік беріпті. Бірақ ол әрекеттері оң нәтиже бермей, толассыз жауған жаңбырдан тұрғындар сорғалаған су астында қалды. 

Аудандық әкімшілікпен байланысу мүмкін болмады. Пәтерлеріне су кеткен кейбір тұрғындар ағайындарын жағалап кетсе, енді біреулеріне әкімшілік уақытша үй жалдап беруде екен. 

Жөндеу жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауынан зардап шеккен тұрғындар акт жасап, мердігерді сотқа бермекші. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Тұрғындар мен Эльмира Бітімбаева жолдаған видео

Бүгін, 12:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.