Атырау, 12 мамыр 12:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 461.26
€ 542.58
₽ 6.18

​Маңғыстауда екі мыңжылдық қала зерттеліп жатыр

Сурет
64 рет қаралды
Қарақабақтағы қазба жұмыстары
Қарақабақтағы қазба жұмыстары

Маңғыстау облысында ғалымдардың пайымдауынша, шамамен екі мың жыл бұрын өмір сүрген және Ұлы Жібек жолы бағыттарында маңызды рөл атқарған ежелгі сауда-қолөнер орталығы — Қарақабақ қалашығын зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. 

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы және археолог Андрей Астафьевпен бірге Түпқараған ауданындағы Қарақабақ қалашығына барды.

Алдымен өңір басшысы Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған Қарақабақ қалашығынан табылған тарихи жәдігерлермен танысты. Одан кейін делегация аталған археологиялық нысанға барып, жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен танысып, алдағы бірлесе атқарылатын жұмыстарды талқылады.

Мамандардың айтуынша, Қарақабақ қалашығы б.з. I-VI ғасырларына жататын көне сауда және қолөнер орталығы болған. Археологиялық зерттеулер бұл өңір арқылы осыдан 2000 жыл бұрын халықаралық сауда қатынастары жүргенін дәлелдеп отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, Қарақабақ Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы маңызды теңіз-құрлық сауда торабы ретінде Каспий маңы мемлекеттерінің саяси, экономикалық және сауда байланыстарында ерекше рөл атқарған.

Қалашықтан Византия, Үндістан, Рим, Парсы және Қытай елдерімен байланысты дәлелдейтін тиындар, мөрлер, қыш ыдыстар мен түрлі жәдігерлер табылған. Сондай-ақ археологтар көне порт қызметін атқарған аймақтың іздерін, қолөнер өндірісі мен теңіз саудасына қатысты көптеген деректерді анықтаған.

Өңір басшысы Қарақабақтың тарихи маңызына тоқталып, бұл жаңалықтар Маңғыстаудың көне өркениеттер мен халықаралық сауда қатынастарындағы орнын айқындай түсетінін атап өтті.

– Біз қазір Қарақабақ деген жерде тұрмыз. Ғалымдардың пайымдауынша бұл қала ІІ ғасырдағы Рим ғалымы Клавдий Птолемей жасаған Каспий теңізінің шығыс жағалауының картасында Аспабота деген қала-мемлекет ретінде көрсетілген. Бұнда жер астында көне қаланың орны жатқаны анықталып отыр. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл өз дәуірінің ірі логистикалық хабы болған деуге болады. Бұл деректер ата-бабаларымыз тек көшіп-қонып, мал шаруашылығымен ғана айналысты деген түсінікті жоққа шығарады. Керісінше, мұнда үлкен сауда айналымы жүргенін, өркениет болғанын дәлелдейді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Сондай-ақ мамандар Маңғыстауда археологиялық туризмді дамыту бойынша ұсыныстарын таныстырды. Жоба аясында Қарақабақ аумағында ғылыми-археологиялық база, ашық аспан астындағы музей, туристік инфрақұрылым мен арнайы экскурсиялық бағыттар құру жоспарланып отыр. Бұл бастама өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытып, туризм саласының дамуына серпін береді деп күтілуде.

Сапар қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының әкімдігі Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесе отырып, өңірдегі археологиялық зерттеулер мен тарихи мұра нысандарын дамыту жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.

Бүгін, 11:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.