Атырау, 8 мамыр 16:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 463.41
€ 546.27
₽ 6.18

​​Атырауда сот қылмыстық іске қатысты Toyota Prado мәмілелерін жарамды деп қалдырды

119 рет қаралды

Автокөліктерді қайта сату ісіндегі ықтимал алаяқтыққа қатысты қылмыстық іс жалғасып жатқанымен, Атыраудағы екі сот инстанциясы бірнеше күн ішінде бірнеше иесін ауыстырған Toyota Prado бойынша жасалған мәмілелерді жарамсыз деп танудан бас тартты.

28 сәуірде Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы Toyota Land Cruiser Prado 150 көлігінің қайта сатылуына қатысты апелляциялық шағымды қарап, бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Бұл істің бастауына 2025 жылғы 10 тамыздағы мәміле себеп болды: сол күні К. Қайырбеков көлікті «Abyroy_01» ЖШС компаниясына 24,5 млн теңгеге сатты. Шарт бойынша фирма он жұмыс күні ішінде есеп айырысуы тиіс еді.

Келесі күні көлік компания атына емес, серіктестіктің директоры Б. Нұрлыбектің жеке атына қайта рәсімделді. Бұл рәсім Kaspi.kz қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер сервисі арқылы жасалған. Талап арыз беруші тараптың айтуынша, ол үшін қосалқы келісімшарт пайдаланылған.

Осыдан кейін Prado жылдам қарқынмен иесін ауыстыра бастады.

11 тамызда көлік Ж. Қазыбектің атына қайта рәсімделді. Бір аптадан кейін, 18 тамызда, автомобиль В. Барановқа сатылып, ол оны өз атына тіркеді.

Талап арыз берушінің өкілі, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Бахтияр Хояшевтің айтуынша, Kaspi.kz қосымшасы арқылы автоматты түрде жасалған келісімшарт мүлікті шығару және әрі қарай қайта сату құралы ретінде пайдаланылған.

Адвокат соттың назарын Қазақстанның басқа өңірлерінде осындай жағдайларда Kaspi.kz арқылы рәсімделген мәмілелердің жарамсыз деп танылғанына аударды.

Істің тағы бір даулы тұсы – ақша қозғалысы. Материалдарда көрсетілген төлем құжаттарына сәйкес, көлікті сатудан түскен қаражатты көлікке де, «Abyroy_01» ЖШС-не де қатысы жоқ адамдар алған.

Апелляциялық шағымда талап арыз беруші бірінші инстанцияның шешімін жоюды сұрап, өз дәлелдері мен айғақтарының сотта іс жүзінде бағаланбай қалғанын атап өтті.

«Бөгде мүлікті сатып, ақшаны иемденген адамдардың әрекеттерін заңды деп тану ешқандай сын көтермейді және сотқа, жалпы сот жүйесіне деген сенімді шайқалтады», – деді талап арыз берушінің өкілі.

Бұған дейін Атырау қалалық соты талап арызды қанағаттандырудан бас тартқан еді. Сот мәмілелерді жарамсыз деп тануға жеткілікті негіз жоқ, ақшаны бөлек «Abyroy_01» ЖШС-нен талап етуге болады деп шеші.

Апелляциялық алқа да осы ұстанымды қолдады.

Атырау облысы тұрғындарының арыздары негізінде тіркелген қылмыстық іс алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы көліктерді иемдену фактілері бойынша жалғасып жатыр.

Адвокат Бахтияр Хояшевтің түсіндіруінше, тіпті айыптау үкімі шыққан күннің өзінде көлік автоматты түрде заңды иесіне қайтарылмайды.

«Соттың үкімі көлікті заңды иесіне қайтармайды, ол үшін мәмілелерді жарамсыз деп тану арқылы мүлікті талап ету рәсімін бастау қажет», – дейді адвокат.

Ж. Қазыбек сотта көлікті заңды түрде сатып алғанын, құжаттарды тексергенін және мәмілеге күмәндануға еш негіз көрмегенін айтты. Оның сөзінше, сатып алу кезінде көлік кепілде де, тыйым салуда да болмаған.

В. Баранов та өзін адал сатып алушы ретінде таныстырып, Prado-ға қатысты даулардан хабарсыз болғанын мәлімдеді.

Б. Нұрлыбек сотта бастапқы иесімен келісімшарт жасалғанын растады, бірақ төлем міндеттемелері орындалмағанын айтты. Оның сөзінше, осыдан кейін көлік әрі қарай сатылып кеткен.

Алайда, талап арыз берушінің айтуынша, ақша басқа адамдарға кеткенімен, ол қаражаттың бастапқы иесіне қалай жетуі тиіс болғаны туралы сұрақ жауапсыз қалды.

Сотта жауап алынған куәгерлер көлікті басқа иесі бар кезде сатып жібергенін және түскен ақшаны өзара бөліскенін түсіндірді.

Адвокаттың айтуынша, Атырау облысының прокуратурасы азаматтық істің фигуранттарының әрекеттеріне баға берген жоқ. Талап арыз беруші тараптың нұсқасына сәйкес, олар көлікті сатудан түскен ақшаны иемденіп алған.

Нәтижесінде бастапқы иесі әрі көліктен, әрі ақшадан айырылды. Ал бірнеше рет қайта сатылған Prado әлі күнге дейін бөлек сот талқылауының нысаны болып отыр.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 14:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.