Атырау, 7 мамыр 23:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 463.41
€ 546.27
₽ 6.18

​Мемлекет басшысы Отан қорғаушыларды құттықтады

49 рет қаралды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевт азаматтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады.

Мемлекет басшысы бұл мерекенің мемлекеттік әрі қоғамдық маңызы айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, мерекеде жауынгерлеріміздің ерен ерлігі, мықты рухы мен қайтпас қайсарлығы кеңінен дәріптеледі. Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тыныштығын күндіз-түні қас қақпай күзеткен, сондай-ақ қазір Отан алдындағы борышын адал өтеп жатқан барша азаматқа құрмет көрсетілетін күн.

"Ел жауынгерлері мен командирлері батыр бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып, нағыз отаншылдық рухының жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Сардарлар мен сарбаздардың, барлық күштік құрылым қызметкерлерінің бітімгерлік миссиялар, арнаулы оқу-жаттығу жиындары мен түрлі халықаралық сайыстар кезіндегі кәсіби шеберлігі, темірдей тәртібі мен жауынгерлік даярлығы – соның айқын дәлелі. Қуатты әскеріміз ең күрделі міндеттерді орындауға қашанда дайын екені сөзсіз. Сондықтан, мемлекет еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге және әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға әрдайым баса мән береді" , - деп жазылған құттықтауда. 

Тоқаев атап өткендей, жаңа Конституцияда «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті парызы мен міндеті» деп жазылды. 

Президенттің айтуынша, осы аса маңызды тұжырым мемлекет пен халықтың тығыз байланысын, ел тағдырына әрбір отандасымыздың жауапты екенін аңғартады. 

"Біз Отанға қалтқысыз қызмет ету қағидатын және Конституцияда айқындалған мызғымас құндылықтарды негізге ала отырып, сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің тұғырын нығайта түсеміз, биік мақсат-мұратымызға жетіп, Әділетті, Күшті, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін" - деді Тоқаев.   

Мемлекет басшысы антына адал болып, табандылық танытып, мінсіз қызмет етіп жүрген Отан қорғаушыларымызға алғыс айтты. 

Президент барша азаматтарымызға мықты денсаулық, амандық және табыс тіледі.

"Армиямыздың айбыны, халқымыздың ынтымағы арта берсін! Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекем болсын!" - деп жазылған құттықтау мәтінінде. 

Бүгін, 12:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.