
Әлемдік мұнай қоры АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы аясында бұрын-соңды болмаған қарқынмен азайып жатыр. Financial Times дерегінше, тек сәуір айының өзінде мұнай қоры астрономиялық 200 млн баррельге кеміген.
S&P Global Energy мен Goldman Sachs сарапшыларының мәліметі де шошытатын деңгейде: бағаның шектен тыс қымбаттауына байланысты сұраныс төмендегеніне қарамастан, қорлар бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен еріп барады.
S&P есептеуінше:
- сәуірде мұнай қоры тәулігіне 6,6 млн баррельге азайған;
- ал жаһандық сұраныс тәулігіне 5 млн баррельге төмендеген — бұл тарихтағы екінші ірі құлдырау (COVID кезеңінен кейін).
Goldman Sachs та осы бағалауды растайды:
- әлемдік қорлар соңғы 8 жылдағы ең төменгі деңгейге жақындап қалды;
- Солтүстік Еуропада авиаотын қоры 6 жылдық минимумға түсті;
- АҚШ-та бензин қоры биылғы жазда, демалыс маусымында, тарихи минимумға жетуі мүмкін.
Нарық күйреудің алдында
Таяу Шығыстағы геосаяси дағдарыс пен Ормуз бұғазының іс жүзінде жабылуы салдарынан әлемдік нарыққа 1 млрд баррель мұнай жетпей қалған.
Ірі трейдерлер дабыл қағуда: қорлар критикалық шекке жақындады, ал оған дейін бірнеше апта ғана қалды.
S&P Global Energy зерттеу бөлімінің басшысы Джим Буркхард Financial Times-қа:
«Бұл — қалыпты диапазоннан әлдеқайда жоғары көлем. Нарық әлі де қорлардың рекордтық қысқаруына толық реакция берген жоқ. Сондықтан мұнай бағасының өсуі әлі алда», — дейді.
Неге бұл қауіпті
Әлемдік мұнай қоры шамамен 4 млрд баррель деп бағаланады. Бірақ оның басым бөлігі — НПЗ мен құбыр жүйелерін тоқтатпай ұстауға қажет техникалық мұнай.
Еркін саудаға және бағаны тұрақтандыруға арналған мұнай көлемі сыни деңгейге дейін азайған.
В Атырау -10