
Қазақстан сиыр етінің бағасы ең төмен елдердің қатарына енді. Numbeo жаһандық деректер базасының мәліметінше, елімізде еттің бір килограмы орта есеппен 4000 теңге шамасында. Бұл бағаның неге байланысты екенін және басқа мемлекеттермен салыстырғандағы айырмашылығын Қазақстан Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев Kazinform агенттігіне айтып берді.
Numbeo рейтингіне сәйкес, Қазақстанда 1 кг сиыр етінің құны орта есеппен 8,72 долларды (қазіргі бағаммен шамамен 4053 теңге) құрайды. Бұл дамыған елдердің көпшілігімен салыстырғанда айтарлықтай төмен.
Ет қай елде ең қымбат?
Ең жоғары баға Швейцарияда тіркелген — бір килограмы астрономиялық 45,58 доллар. Сондай-ақ ең қымбат елдердің үштігіне Норвегия ($32,89) және Люксембург ($27,65) кірді. Ет бағасы жоғары (21-ден 25 долларға дейін) алғашқы ондыққа Оңтүстік Корея, Сингапур, Израиль, Австрия, Финляндия, Франция және Германия енді.
Орташа баға сегменті
Ұлыбритания, Канада және Аустралия сияқты елдерде сиыр еті айтарлықтай арзанырақ, бірақ Қазақстанмен салыстырғанда бәрібір қымбат — килограмына шамамен 14-15 доллар.
Қазақстанмен бірге қайда ет арзан?
Бағасы Қазақстаннан төмен елдердің қатарында Колумбия ($8,61), Бразилия ($8,39), Мысыр ($8,27) және Индонезия ($7,78) бар. Рейтингтегі ең арзан ет Пәкістанда (шамамен $4).
Өңірлік көршілермен салыстыру
Қазақстанға көршілес және ТМД елдеріндегі бағалар 7,5-тен 11 долларға дейін ауытқиды:
Қытай — $11,13
Ресей — $10,93
Өзбекстан — $10,86
Әзербайжан — $10,53
Беларусь — $9,25
Қазақстан — $8,72
Қырғызстан — $7,66
Түркменстан — $7,50
Украина — $7,33
Осылайша, Қазақстанда сиыр еті негізгі көршілері мен ЕАЭО бойынша серіктестерінің көбіне қарағанда арзанырақ тұрады.
Неліктен Қазақстанда ет «арзан»? Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың пікірінше, елдегі сиыр еті құнының салыстырмалы түрде төмен болуының негізгі себебі — өндірістің өзіндік құнының төмендігі.
Сарапшы бірнеше негізгі факторды атап өтті:
Жердің қолжетімділігі: Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу/сатып алу құны шетелмен салыстырғанда бірнеше есе арзан.
«Жайылымдар — гектарына 10-30 доллар, егістік жерлер — 100-500 доллар. Басқа елдерде жердің бір гектары 5 мыңнан 15 мың долларға дейін баруы мүмкін», — деді Мақсұт Бақтыбаев.
Салық режимі: Аграрлық сала үшін жасалған қолайлы жағдайлар өзіндік құнның өсуін тежейді.
Сатып алу қабілеті: Сарапшы халықтың төлем қабілеті бөлшек саудадағы бағаны қалыптастыруда шешуші фактор болып қала беретінін атап өтті — бизнес халықтың шамасы келмейтін бағаны қоя алмайды.
Бағаның шарықтауы мен тапшылық
Бақтыбаев шамамен бір жыл бұрын Қазақстанда ет бағасының күрт өскенін еске салды. Ол кезде дүкендердегі сиыр етінің құны 4 мыңнан асып, кей жерлерде килограмы 5 мың теңгеге дейін жеткен болатын. Сарапшының пікірінше, бұл ішкі нарықтағы ет тапшылығынан болды, ал тапшылық мал мен ет экспортына салынған көпжылдық шектеулердің салдары еді. Бұл жағдай фермерлердің мал басын көбейтуге деген ынтасын төмендеткен.
2 триллионға деген үміт
Ет одағы басшысының айтуынша, қазір фермерлердің көңіл-күйі жақсарған. Бұған Қазақстанда қабылданған Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары себеп болды.
«Бағдарламаның жалпы бюджеті 2 триллион теңгені құрайды. Фермерлер мал басын көбейтуде осы бағдарламаға үлкен үміт артып отыр», — деп атап өтті Бақтыбаев.
Жоспардың мақсаты — импортқа тәуелділікті азайту, мал өнімділігін арттыру, ішкі нарықты толық қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті нығайту.
Контекст
Numbeo рейтингінің мәліметтері пайдаланушылардың деректеріне негізделгенін және ресми статистикадан немесе нақты базарлардағы бағалардан өзгеше болуы мүмкін екенін ескеру қажет. Бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі базарларда сиыр етінің килограмы орта есеппен еттің бөлігіне байланысты 3000-4000 теңгені құрайтынын хабарлаған болатын.
В Атырау -10