
Атыраулық полицей қызметке бара жатып, өртеніп жатқан үйден адамды аман алып шықты.
Оқиға 4 мамыр күні таңғы сағат 07:15 шамасында болған.
Атырау облысы Полиция департаменті Ғимараттарды күзету жөніндегі взвод командирінің орынбасары, полиция лейтенанты Рустам Қанатов жұмысқа таксимен бара жатып, үйлердің бірінің шатырынан шыққан қою түтінді байқайды.
Іште адамдар болуы мүмкін екенін түсінген ол көлікті тоқтатып, қоршаудан секіріп өтіп, аулаға кіреді. Аталған аумақта екі үй орналасқан екен. Өрт шыққан үйдің есігі жабық болған.
Полицейге көмекке көрші үйдің иесі шығады. Олар бірге есікті ашып, іште ұйықтап жатқан ер адамды сыртқа алып шықты.
Осыдан кейін Рустам Қанатов өрт сөндірушілерді шақыртып, құтқару қызметтері келгенше жағдайды бақылауда ұстады. Құтқарылған ер адам зардап шеккен жоқ және оған медициналық көмек қажет болмады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің шығуына жылу жүйесінің ақауы себеп болуы мүмкін.
Адам өмірін құтқарғаннан кейін полицей қайтадан такси шақыртып, қызметіне қарай жолын жалғастырды.
Полиция департаменті бұл оқиға қызметкердің кәсібилігі мен азаматтық жауапкершілігінің үлгісі болғанын атап өтті.
В Атырау -10