Атырау, 24 сәуір 18:27
 ашықВ Атырау +13
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Балық қытайлық ау құралымен құртылуда

3 247 просмотра

18 қазанда Дамбы балық инспекциясы (балық қорғау) бөлімінің ауласында 30 шақты браконьерлік ау-құралы мен қолдан жасалған «астау» түріндегі тоғыз қайық өртелді.

Бөлім басшысы Жәнібек АШЕНОВ хабарлағандай, бір сағаттай бұрын Еркінқала селосының маңындағы №3 бекетте де осылайша 50 ау құралы мен үш «астау» жойылған.

Жайық өзенінің сағасындағы Дамбы учаскесі балығы көп жер боп табылады, өйткені ол Каспий теңізіне басқаларынан гөрі жақын орналасқан. Бұл жердегі браконьерлер бүкіл балықты аулап, өзен жағалауларын бір-бірінен балық аулау жабдықтарымен қоршап тастайды.

Ж.Ашеновтің айтуынша, өртелген аулар мен қайықтарды 14-18 қазан аралығында инспекторлар тапқан. Қайықтар жағалауға қойылған күйде тәркіленген. Аулар мен қайықтардың көпшілігі Еркінқала мен Ракуша селоларының маңынан алынған. Браконьерлері көп көршілес Жұмыскер поселкесі Дамбы бөлімі бақылауға алған акваторияға кірмейді. Дамбы балық қорғау инспекторлары техниканың тапшылығына шағымданды: ау-торларды сүзуге жарамды екі қарауыл катерлерінің бірі 10 күн бұрын бұзылып қалған. Ал төрт казанка қайығының аспалы моторлары браконьерлік қайықтардың қуаттылығынан әжептәуір қалыс қалады екен.

Ж. Ашенов қала базарларында полиэтилен баудан жасалған Қытайдан шығарылған ау құралдарының көптігін алға тартты. Мұндай аулар шірімейді және суда қанша уақыт болса да сақталады екен. Осы аулау құралын пайдалану Жайықтағы балықтың түбіне жетері сөзсіз. Бірақ бұл браконьерлерді толғандырар емес. Олар бас-бастарына арзан болғандықтан осы құралмен қаруланып алған. 20 метрлік ау 500 теңге тұрады. Бұл екі келілік бір сазанның базардағы бағасы.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

18 қазан 2013, 17:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.