
Бангкоктан ұшып келген шетел азаматынан 11 келі гашиш майы тәркіленді. Күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында еліміздің транзиттік-логистикалық мүмкіндіктерін есірткі трафигі үшін пайдаланбақ болған қылмыстық топтарға қарсы жұмысты күшейтті. Кезекті арнайы операция Алматы халықаралық әуежайында сәтті аяқталды.
Полиция қызметкерлері мен ҰҚК Шекара қызметінің бірлесуімен «Бангкок – Алматы» рейсімен келген 20 жастағы жақын шетел азаматы ұсталды. Тексеру кезінде оның жүгінен cалмағы шамамен 11 килограмм болатын гашиш майы және есірткі салынған 12 пластикалық ыдыс табылды.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің мәлімдеуінше, аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 286-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша мүлікті тәркілеу шарасы қолданылады және 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Статистика
Жыл басынан бері жедел бөліністердің тиімді жұмысының нәтижесінде Қазақстанда есірткі контрабандасының 57 дерегі анықталып, жолы кесілген. Мемлекеттік шекараны қорғау және трансұлттық қылмыстық топтардың қызметіне тосқауыл қою жұмыстары жалғасуда.
В Атырау -10