
Атыраудағы қалалық ту тұғырының күтімін жеке кәсіпкер IBROHIM-ге тапсырды. Бұл мердігерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басқа да келісімшарттары бойынша жүздеген миллион теңге рәсімделген.
Жыл соңына дейін ту тұғырының күтімі үшін ол 34 млн 104 мың теңге алады.
Бұл келісім 16 наурызда қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Эдуард Оспанов пен кәсіпкер Дамир Кушимов арасында жасалған. Шарттың мерзімі — 31 желтоқсанға дейін.
Мемлекеттік сатып алу порталының деректеріне сәйкес, наурыз және сәуір айларында мердігерге ай сайын 3 млн 410 мың 400 теңгеден - жалпы 6 млн 820 мың 800 теңге төленген. Өткен жылы дәл осы мердігер ұқсас жұмыстарды 8 млн 774 мың теңгеге (ҚҚС‑пен) атқарған. Осылайша, биылғы келісімшарттың сомасы шамамен төрт есеге өскен.
Қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен ЖК IBROHIM тағы екі ірі келісімшарт алған: әрқайсысы 161 млн 240 мың теңге (ҚҚС‑пен). Шарттар 4 ақпанда жасалған, жыл соңына дейін күшінде болады. Жалпы сомасы — 322 млн 480 мың теңге.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сәйкес, бүгінде қалалық ТКШ бөлімі мен ЖК IBROHIM арасында қолданыстағы алты келісімшарт бар. Олардың екеуі 2024 жылы, біреуі 2025 жылы жасалған, бірақ жүйеде әлі де белсенді деп көрсетілген.
Айта кетейік, Атыраудағы ту тұғыры бұған дейін бірнеше рет қоғам талқысына түскен болатын. Құрылым құлағаннан кейін арзанырақ нұсқамен ауыстырылған, алайда ту мен техникалық параметрлердің сәйкестігіне қатысты сұрақтар туындаған. Бұрынғы шешімдер үшін кім жауапты болғаны әлі күнге дейін жария етілген жоқ.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -10