«АЖ»-ға Петролеум Фасилитиз Е&С Лимитед (Petrofac Kazakhstan Limited) компаниясының өкілдері хабарласты. Бұл компанияның қызметкерінің кінәсінен жол-көлік оқиғасы орын алып, оның көлігі автобусқа соқтығысып, автобус тұрғын үйге кіріп кеткен болатын («ТШО автобусы үйдің жартысын құлатып кетті»).
– Біз сіздердің мақалаларыңызды оқып, қалай еткенде де, комментарий беруге тиіс екенімізді түсіндік, - дейді аудармашы арқылы Петролеум Фасилитиз Е&С Лимитед компаниясының бас есепшісі Сунил ВАРИАР.– Бұл жерде басшылық жоқ, ол Шарджда (Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қала – С.Т.) орналасқан бас кеңседе. Мен техникалық қауіпсіздік жөніндегі бас департаментке хабарласқан едім. Зардап шеккен отбасыға көмек беру және зиянды өтеу мәселесі бойынша мынаны айтқымыз келеді.
Бұл жерде өзіміздің кінәлі екенімізді түсінеміз, өз кінәмізді толықтай мойындаймыз. Қазіргі уақытта зардап шеккен отбасы үшін пәтерді жалға алмақшымыз. Біз олармен хабарласқан едік, бүгін, 18 қазанда кездесеміз. Бізде дайын апартаменттер бар. Бұл -қаладағы 4 пәтерлі пәтер, іші жиһаздалған.
Бұған дейін олардан пәтер қалайсыздар ма деп сұраған едік. Олар бас тартты. Бірақ содан кейін шешімдерін өзгертті. Бүгін біз оларға пәтерді көрсетеміз, содан соң олар бір-екі күннің ішінде көшіп барады. Бұл проблеманың уақытша шешімі.
Зиянды өтеуге келер болсақ, біз өзіміздің «Сентрас Иншуранс» сақтандыру компаниямызбен хабарластық. Бұған біраз уақыт кетеді, сараптама жүргізілмек. Мәселе зиян мөлшері анықталғаннан кейін шешілетін болады. Бәрі процедура бойынша шешіледі.
Біз отбасын баспанасыз қалдырмайтынымызды түсінсеңіздер екен дейміз. Сақтандыру компаниясына қатысты мәселенің қанша уақытқа созылатынын айту қиын. Бірақ әзірге бұл жағдай шешілмейді. Біз отбасына қолдан келгенше көмектесміз, олар ештеңеге мұқтаж болмайды. Сақтандыру компаниясымен жағдайды анықтағаннан кейін, осы мәселеге нүкте қоятын боламыз.
Біз «Сентрас Иншуранс» СК АҚ Атырау филиалының директоры Мансұр ҒАЛИАКБЕРОВПЕН хабарласқан едік.
– Қазір зардап шегуші мен кінәлі тараптан құжаттарды қабылдау, сондай-ақ, біздің арналарымыз бойынша ЖКО-ны тіркеу жүргізіліп жатыр, - деді ол. – Біз Алматыдағы бас кеңсеге хабардар етіп қойдық. ЖКО-ның екі қатысушысынан да құжаттар жинап болғаннан кейін, сондай-ақ, кімнің кінәлі екендігі туралы сот шешімін алғаннан кейін, біздің тарапымыздан 15 күн ішінде сақтандыру өтемақысын төлеу туралы шешім қабылданатын болады.
Тұрғын үй бойынша: егер сот біздің сақтандырушыны кінәлі деп тапса, онда зиян төлемі біздің жауапкершілігімізге ілінетін болады.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА