
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қытайдың Inner Mongolia Muland Agricultural Technology Co., Ltd компаниясының бас директоры Вэй Цзинлунмен кездесті.
Кездесуде Қазақстанда вируссыз тұқымдық картоп өндіретін жоғары технологиялық орталық құру жобасы талқыланды.
Министр картоп өсіру агроөнеркәсіптік кешеннің стратегиялық маңызы бар бағыт екенін атап өтті. 2025 жылы картоп егілген алқап көлемі 131 мың гектарды құрап, орташа өнімділік гектарына 220 центнер болды. Жалпы өнім көлемі 2,8 млн тоннаға жетті.
«Ұлттық тұқым шаруашылығы жүйесін дамыту азық-түлік қауіпсіздігінің берік негізін қалыптастырады. Вируссыз отырғызу материалын өндіру импортқа тәуелділікті азайтып, өнімділікті арттырады әрі отандық селекцияның бәсекеге қабілеттілігін жаңа деңгейге көтереді», – деді Айдарбек Сапаров.
Қазіргі таңда түпнұсқа және элиталық тұқым өндірумен 22 шаруашылық айналысады. Бұл жүйеде биотехнологиялық зертханалар шешуші рөл атқарады. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты осы бағыттағы жетекші ұйым болып саналады.
Қытайлық компания өкілдері заманауи зертханалық-жылыжай кешенін құруға қызығушылық танытып отыр. Жоба аясында микро және аса ұсақ түйнектер өндіру қарастырылған. Компанияның өз ғылыми-өндірістік инфрақұрылымы бар және осыған ұқсас жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі мол.
Жоба жоғары сапалы тұқымдық материалды өнеркәсіптік көлемде өндіруді және Орталық Азия нарығына экспорттауды көздейді. Министр жобаны қолдауға дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Вэй Цзинлун алғашқы тұқымдық материал партиясы бір жыл ішінде алынатынын айтты.
В Атырау -10