
Google компаниясының жасанды интеллект жүйелерін әзірлеумен айналысатын жүздеген қызметкер бас компания Alphabet-тің бас директоры Сундар Пичайға ашық хат жолдап, АҚШ Қорғаныс министрлігімен (Пентагон) ынтымақтастықтан бас тартуды талап етті, деп хабарлайды АА.
Америкалық басылымдардың хабарлауынша, Google-дың DeepMind және Google Cloud бөлімшелерінде жұмыс істейтін 600-ден астам қызметкер хатқа қол қойған. Олар жасанды интеллект жүйелерінің қателік жіберуі мүмкін екенін айтып, технологияның қауіпті әрі бейэтикалық қолданылуына жол бермеу жауапкершілігін сезінетінін жеткізді.
Хатта: «Жасанды интеллект адамзатқа пайда әкелуі тиіс, ал құпия әскери мақсатта немесе зиянды бағытта қолданылмауы керек» деп жазылған. Қызметкерлер мысал ретінде «автономды қару-жарақ» пен «жаппай бақылауды» келтірген.
Авторлардың пікірінше, мұндай әріптестік Google-дың беделіне, әлемдегі рөліне және бизнесіне орны толмас зиян келтіруі мүмкін.
Anthropic жасанды интеллект компаниясы да Пентагонға Claude моделін әскери мақсатта беруден бас тартқан. Бұл шешім АҚШ Қорғаныс министрлігімен және президент Дональд Трамппен шиеленіске әкелді. Ақпан айында Пентагон компанияға ультиматум қойып, келісім бермесе мемлекеттік келісімшарттардан айырылатынын ескерткен. Наурызда Anthropic АҚШ үкіметіне қарсы екі сот ісін қозғады.
Google мен OpenAI қызметкерлері қол қойған ашық хатта Пентагонның Anthropic-ке қысым көрсетіп отырғаны да сынға алынды.
В Атырау -10