
27 сәуірде өткен сот отырысында прокурор блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша процестік келісімнің шарттарын оқып берді.
Мемлекеттік айыптаушы Ерболат Жанабыловқа мүлкі тәркіленіп, түпкілікті жаза ретінде 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Ал Эльмира Төлегеноваға мүлкі тәркіленіп, жазасын қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Бұл ретте мемлекеттік айыптау жазаның орындалуын екі жылға шегеруді өтінді.
Прокурор сондай-ақ азаматтық талап арыздан бас тартатынын мәлімдеді. Бұл тараптардың қойылған талаптарды толық төлегені туралы растау құжаттарын ұсынуымен байланысты.
Мемлекеттік айыптау тарапы процестік келісімді қолдады. Осыдан кейін сот кеңесу бөлмесіне кетті. Үкім шығару уақыты сағат 16:30-ға белгіленді.
Бұған дейін, 22 сәуірде өткен жарыссөз кезінде прокурор ерлі-зайыпты блогерлерге жаза мерзімдерін сұраған болатын. Ол кезде Жанабылов пен Төлегенова істеген істеріне өкінетіндерін айтып, эмоциялық жағдайлары мен қысым туралы баяндаған және соттан бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза беруді өтінген еді.
Кейінірек, соңғы сөз сатысында Эльмира Төлегенова процестік келісім жасасу туралы өтініш білдірді. Осыдан кейін сот тергеуді қайта бастап, үзіліс жариялаған болатын.
В Атырау -10