Атырау, 27 сәуір 18:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 464.86
€ 544.03
₽ 6.14

​Қазақстанның жоғары оқу орындарында талапқа сай келмейтін бағдарламалар жабылады

85 рет қаралды

Қазақстанда мазмұны ескірген және сұранысқа ие емес 700-ге жуық білім беру бағдарламасын жабу жоспарлануда. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Ведомство басшысы министрліктің оқу жоспарларына ауқымды аудит жүргізгенін хабарлады. Бұл мақсатта мамандар enbek.kz платформасы арқылы еліміздегі 73 мыңнан астам кәсіпорын өкілдерінен сауалнама алған. Бұл нарыққа нақты қандай мамандар қажет екенін, ал қандай бағдарламалардың тек «қағаз жүзінде» екенін анықтауға мүмкіндік берді.

Жалпы алғанда 8 500 білім беру бағдарламасы талданды. Министрдің айтуынша, оларды бағалау жұмыстары алдағы екі аптада аяқталады.

«700-ге жуық бағдарламаны жабуға тура келеді. Бұл, әрине, қиындықтар туғызады. Кейбір ректорлар немесе профессорлар: "30-40 жыл бойы оқытып келе жатқан бағдарламаны қалай жабуға болады?!" деп наразылық білдіруі мүмкін. Бірақ олардың мазмұны ескірген, сапасы талапқа сай емес. Толық аудит нәтижесі осыны көрсетті», — деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Студенттердің тағдыры не болмақ?

Министр аталған мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттерді сабырға шақырды:

  • Оқуға қабылданған және қазір білім алып жатқан студенттер оқуын аяқтап, диплом ала алады.

  • Алайда бұл бағыттар бойынша жаңадан қабылдау жүргізілмейді — абитуриенттер үшін бұл мамандықтар осы жылдан бастап жабылады.


Бүгін, 16:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.