Қазақстанда "Сергек" бейнебақылау жүйесін тек құқықбұзушылықтарды тіркеу үшін емес, қоғамдық орындардағы агрессиялық мінез-құлықты тану үшін де пайдалану ұсынылды, деп хабарлайды Tengri Auto.
Мұндай бастаманы Мәжіліс депутаты Бексұлтан Құдайбергенов көтерді. Ол өз депутаттық сауалында қоғамда дөрекілік пен агрессия көріністері күшейіп, олар біртіндеп, соның ішінде қоғамдық орындар мен әлеуметтік желілерде де үйреншікті мінез-құлық нормасына айналып бара жатқанын атап өтті.
"Бүгінде біз моральдық сүзгінің тозғанын байқап отырмыз. Дөрекілік, агрессия және балағат сөздер үйреншікті жағдайға айналып, мәдени кодымыздың негіздеріне нұқсан келтіріп жатыр. Менің сауалым қоғамдық этика мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне мемлекеттің жүйелі түрде араласу қажеттілігіне бағытталған", - деді депутат.
Осыған байланысты депутат қоғамдық тәртіпті бақылауды технологиялық тұрғыдан күшейту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Атап айтқанда, мәселе "Сергек" бейнебақылау жүйесін қоғамдық орындардағы агрессиялық мінез-құлық белгілерін автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік беретін алгоритмдермен интеграциялау туралы болып отыр.
Депутаттың пікірінше, бұл құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдағы тұрмыстық агрессия деңгейін төмендету бойынша кешенді шаралардың бір бөлігі болуы тиіс.
Құдайбергеновтің пікірінше, бақылауды технологиялық тұрғыдан күшейту — ұлттың мәдени кодын сақтау жолындағы қажетті қадам.
«Сергек» камералары баяғыда-ақ жай ғана жылдамдықты бақылау шеңберінен шығып кеткен. Жақында қауіпсіздік белдігін тақпағанды және рөлде отырып ұялы телефонды пайдаланғанды анықтау осы жүйеге жүктелді. Бұл функциялар іске қосылған алғашқы айдың өзінде-ақ ірі қалаларда мыңдаған заң бұзушылық тіркелді.
В Атырау -10