
Алматы облысында 20 жастағы Әнуар Мусаевтың өлімі бойынша тергеу жүріп жатыр. Қайғылы оқиға 12 сәуірде Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылында болған.
Алғашқы ақпаратты марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде жариялап, оның 10-нан астам адам қатысқан топтық шабуылға ұшырағанын айтты. Отбасының сөзінше, қолдарында бейнежазба мен 30-дан астам куәгер бар.
Дегенмен, қазір тек бір күдікті қамауда, қалғандары бостандықта жүр деген уәж айтылды. Сондай-ақ туыстары өздеріне «татуласу туралы» құжатқа қол қоюға қысым жасалып жатқанын жеткізді.
Облыстық полиция департаменті «кісі өлтіру» және «бұзақылық» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалғанын растады. 20 жастағы бір күдікті қамауға алынды. Бұзақылық бойынша тағы үш адам ұсталып, екеуіне үйқамақ түріндегі шара қолданылды.
Барлық куәгерлер анықталып, жауап алынған. Тергеу әрекеттері жалғасуда, істің барысы полиция басшылығының ерекше бақылауында.
Оқиға әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды. Бұған дейін, 2024 жылы Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі де қоғамда кең талқыланған еді.
В Атырау -10