
Қазақстанда көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітілді. Оның аясында жаңа электр станцияларын салу және қолданыстағы станцияларды заманауи экологиялық шешімдер негізінде жаңғырту қарастырылған.
Жобаларда қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған «таза көмір» технологияларын енгізу көзделген. Жаңа станциялар бу мен температураның аса жоғары критикалық параметрлерінде жұмыс істейді, бұл электр энергиясын өндіру тиімділігін 5–6%-ға арттырып, көмір шығынын азайтуға және зиянды шығарындыларды төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар түтін газдарын тазартуға арналған заманауи жабдықтар орнатылады, оның ішінде шаң мен күлді ұстауға арналған электрофильтрлер мен қап сүзгілер, азот оксидтерінің шығарындыларын азайтатын селективті каталитикалық қалпына келтіру жүйелері, сондай-ақ түтін газдарынан күкірт қосылыстарын жоятын десульфурация қондырғылары қарастырылған.
Бұған қоса, қолданыстағы көмір электр станцияларын ең озық қолжетімді технологияларды енгізе отырып кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарлануда.
Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде көмір электр станцияларындағы зиянды заттар шығарындылары 34%-ға қысқарып, негізгі генерациялайтын жабдықтардың тозу деңгейі төмендейді және энергия жүйесінің сенімділігі артады.
В Атырау -10